Алматыдағы шіркеулерге тас атқан ересек азамат ұсталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шіркеудің шырқын бұзды. 33 жастағы алматылық қалада орналасқан екі бірдей ғибадатхананы таспен атқан. Ересек азамат із суытпай ұсталды. Қазір «Бұзақылық» факті бойынша сот алды тергеу ісі басталды. Құқық бұзушы азаматқа қаладан шығуға тыйым салынды. Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, қазір ұсталған азаматтың психдиспансерде тіркелген-тіркелмегендігі анықталып жатыр.

«Өзінің сөзіне қарағанда бұл азамат бұрын соңды шіркеудің қызметкерлерімен қандай да бір жанжалдасып қалған. Өшін алу үшін осындай әрекетке бел будым деп түсінік айтуда. Қылмыстың нақты себеп-салдары мен оған итермелеген факторларды біз әлде де тергеу аясында анықтайтын боламыз»,- деді ІІД ресми өкілі, Салтанат ӘЗІРБЕК.

Оқиға 9 шілдеге қараған түні орын алған. Шамамен түнгі бір жарымдар уақытында ер адам 28-ші Панфиловшылар саябағындағы Вознесенский шіркеуінің терезелерін шаққан. Бұзақының бұл әрекеті сыртта ілінген бейнебақылауға түсіп қалыпты. Артынша дәл осы азамат жарты сағаттан кейін тағы басқа шіркеуге зиян келтірген. Ол ерінбестен Бостандық ауданында орналасқан әулие Петр мен Павлдың ғибадатханасының да әйнектерін сындырыпты. Ал шіркеу қызметкерлері бұзақы азаматтың лақтырған тастарын айғақ ретінде сақтап қойған. Сондай-ақ, күдіктіні ұстау кезінде қалтасынан тағы тастар табылыпты.


«Бұзақыны шіркеулердің күзет қызметі байқап қалған. Бізде сыртта да, іште де күзет бар. Күдікті сақшылардың жұмысын мұқият бақылап, олар нысанның өзге жағына кеткенде шіркеуге шабуыл жасаған. Біз оны мүлде танымаймыз, бұрын соңды көрген де емеспіз»,- деді «Қазақстанның Православтық шіркеу қоғамының» шіркеу қарым-қатынастары бөлімінің төрағасы, Протоиерей Александр СУВОРОВ.


Новости партнеров