Алматыдағы темір жол вокзалдарында билетті комиссиясыз сататын кассалар жетіспейді. Есесіне әр жолаушының қалтасын қағуға арналған агенттіктер қаптап кеткен. Жолаушылар тәулік бойы тоқтаусыз ағылып жататын вокзал ғимараттарының есіктері сынған, көзге қораш, су аққан төбелер сарғайып, көзге оғаш көрінеді. Қаланың қақпасы, бет-бейнесі саналатын вокзалдың алды жабайы таксистер мен пәтер берушілерден аяқ алып жүргісіз. Ал вокзалдағы саудагерлер жалға берілетін орындар тым қымбат, дейді.
Алматыдан Ақтөбеге жүрмек ниетпен билет алуға вокзалға келген жолаушының бірі - Света апай. Қалтасындағы ақшасын үнемдеу үшін коммерциялық агенттіктерге емес, билетті үстеме ақысыз сататын кассаға электронды кезек алған. Бірақ айналдырған үш кассаға келген адам көп болғандықтан сағаттап сарғайып отырған жайы бар.
«Бір жекеменшік кассада адам басынан 750 теңгеден үстінен алып отыр. Мен билетті 11 мың, сонда оның үстінен 750 теңгені қосып беруім керек. Ал мына үкіметтің бар-жоғы үш-ақ кассасы істеп тұр. Ал үш кассаға мен міне бір сағат болды отырғаныма. Кезек. Міне талон алып отырмын.Сонда мен екі мың теңгенің орына екі сағат осында отыруым керек болып тұр», - деді Света.
Онсызда қымбаттаған билеттерге үстеме пайыз қосып сататын теміржол вокзалының басшылары адым аттам жердің бәрін жалға беріп тастаған. Сатушылардың айтуынша, вокзалдың әр шаршы метрі 13 мың теңгеден жалға беріледі. Балалар ойыншығын сататын 28 шаршы метрлік шағын дүкен иесі айына 400 мың теңгедей ақы төлеймін дейді.
«28 шаршы метр жерге ай сайын төрт жүз мың теңгедей төлеймін. Әр айға алдын ала төлеу керек болғандықтан кейде ақшасын шығара алмай қиналып қаламыз. Ондайда бөліп төлеуге тура келеді. Қымбат», - деді Әсия ҚҰСЫПОВА.
Поездардың бағыт-бағдарын көрсететін электронды нұсқау тақтайшаларыда анық емес. Автоматты билет алатын аппараттардың көбі істен шыққан. Жолаушылардың айтуынша, қабырғалар кір, дүкендегі заттардың құны қымбат, әжетхана лас болсада ақылы. Бүгінгі қоғамдық кеңеске кешігіп келген вокзал басшылары кемшіліктерді мойындауға мәжбүр болды.
«Қызмет көрсету, жолдарды көрсету, табло жағынан кемшілік бар. Сіздердің айтқан, өзімнің де көріп жүрген кемшіліктерді жоғары жаққа жеткізем», - деді «Алматы-2» темір жол вокзалының басшысы Айжамал ЖАҚСЫЛЫҚОВА.
Ал мынау №1 вокзалдың сиқы. Есіктері автоматты түрде ашылатын заманауи үрдістен ада. Құдды бір сынып қалған қораның есіктері секілді. Жамап-жасқап, темірмен бұрап қойған. Қабырғалары шұрық тесік. Бұл жақта да коммерциялық агеттіктер мен билет сатып, алдыңнан сумаңдай шығатын жігіттер толып жүр. Возал төбесі аққан судан сарғайып, жарық шамдарының көбі күйіп кеткен.
Вокзалдың алды жолаушыларға таласқан жабайы таксилер мен пәтер қызметін ұсынған заңсыз саудагерлерге толы. Терезелер сатпақ, тудыңда түсі кірден өзгеріп кеткен. Темір жол ішіндегі орындықтарда оңып тұрған жоқ, Көбінің жұмсақ, жылы қаптамалары жұлынып қалған. Желдеткіш, кәріз, суағарлар сынды толып жатқан кемшіліктерді біртіндеп биыл жоямыз деген бірінші вокзалдың басшылары жалға берілген жерлер конкурс арқылы келген кәсіпкерлер және құнын орталық аппарат анықтайды деп құтылды. Алайда, қоғамдық кеңес жұмысынан байқағанымыздай, теміржол вокзалдары күрделі өзгерісті қажет етеді. Айтпақшы, «осы, Қазақстан темір жолы» қайда қарап отыр? Кеңес мүшелерін мазалаған басты сұрақ - осы.
Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы