Жыры бар елдің жүрегінде нұры бар. Алматыда жиналған түркі халықтарының жыршылары осындай пікірде. Түркіменстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан мен Әзірбайжан сынды бірнеше елден келген көненің көзі жыршылар мен еліміздің әр облысынан шақырылған өнерлі өрендер тереңнен толғап, түрлі мақаммен сан түрлі сарында жырдан шашу шашты. Ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі саналатын жыршылар жиынына қала әкімі Бауыржан Байбек те қатысты.
Өнер киесін арқалаған бабаның өнегесін қадірлеп, өткенді ұмытпай, бабалар жолын жалғастырған жыршылар халық арасында аз емес. Бірақ ғасырлар сырын жетелейтін киелі аспап қобыз үнін күңгірлете отырып, өткен мен болашақты баяндайтын, халықтың қуанышы мен қайғысын қатар жеткізетін жыршыларды түсіне тыңдайтын тыңдарманды көп дей алмаймыз. Киелі аспаппен бірге көмейден де түрлі әуендер шығарған жыр жиынына Әзірбайжан, Құмық, Қарақалпақстанның шайырлары да келді.
«Қазақстанға фестивальге келдік. Түрікменстанның жыршыларымыз. Біз ағам екеміз атақты «Көрғұлы» эпостық дастанынан үзінді жырлаймыз. Мынау «ғыча» деп аталатын ұлттық аспап.Темір ішек, үні зарлы», - деді жыршы (Түркіменстан) Құрбандұрдұ АННАДҰРАРИЕВ.
Шабыты шарықтаған термешілер Сыр өңірінің сарынын, Жетісудің желдірмесін, Арқа өңірінің шертпе, Батыстың төкпе жырларын жеткізе жырлады. Шалкиіздей шалқыта, Ақтамбердіден ағытып, Жиембет жыраулардың желдірмесін қазіргі көпке жеткізген жыршылар жұртты бір желпінтіп тастады. Тұла бойы киелі өнерге тұнып, жырмен таң аттыратын түркі халықтарының жыршылары Алатаудың баурайына Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жиналды.
«Мың жылдық мәдениеттің бастау бұлағындай боған мақам, саз, әуен бүгінгі концерттің өзегі болып келеді. Концертте ұлттардың бірлігі мен мәдениеті, рухани, тарихи бірлігіне қойылып жатқан концерт жеп есептеу керек», - деді жыршы, профессор Алмас АЛМАНОВ.
Сөз өнерінен телегей-теңіз жыр тудырған, тарихты түптен таратып айтатын шежірешілер, миллиондаған жыр жолдарын жадында сақтай алатын құдірет иелерінің басым бөлігі жастар. Ұлы даланың көшпелі академиясын бүгінгіге сақтап келе жатқан жыршылар қобыз, саз сырнай, шертер, асатаяқ сынды аспаптарды құйқылжыта ойнап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы