Жазушылар одағында Ермұрат Зейіпханды еске алу кеші өтті. Ақын, сазгер көзі тірі болғанда 50 жасқа толар еді. Ол «Көк тудың желбірегені», «Күнес-ай», «Кенесары» сынды 70-ке жуық әннің авторы. Шарада оның туындылары мен өлеңдері топтастырылған "Дүние ғапыл" атты кітаптың тұсауы кесілді. Сондай-ақ 7 желтоқсан күні марқұмның артына қалдырған рухани мұрасын кеңірек насихаттау мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында "Екі дүниеде жалғызым - Қазақстан" атты еске алу кеші өтеді.
«Ермұраттың мұрасында керемет әндер де бар, әңгімелер де бар, өлеңдер бар. Көп нәрселер бар. Өнердің барлық саласына қатысқан. Соны еске алып жатырмыз. Мына Көк тудың желбірегені деген ән қазір оралмандардың ғана емес, иісі қазақтың сүйіп айтатын әніне, гимніне айналды десек болады»,- деді Қазақстанның халық жазушысы, Қабдеш Жұмаділов.
¤