Алматылық прокурор Мұхтар Әбілязовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Алматылық прокурор Мұхтар Әбілязовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық прокурор Мұхтар Әбілязовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы "БТА" банкінің қаржысын жымқырып, өз өкілеттігін теріс пайдаланған күдіктіге осындай жаза тағайындауды өтінді. Одан бөлек, Әбілязовтың дүние-мүлкін толық тәркілеп, оған 700 мың теңгеге жуық көлемде айыппұл салуды ұсынды. Атышулы іс -  Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Оған басты күдікті Әбілязовтың өзі қатысқан жоқ. Тек мемлекет тарапынан тағайындалған адвокаты болды.

«Мұхтар Әбілязовқа "Қылмыстық қоғамдастық құру және оған басшылық ету", "Тыңшылық", "Облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны мақсатсыз пайдалану",  "Бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу қағидаларын бұзу" баптары бойынша айыпталып отыр. Сондықтан, күдіктінің барлық мүлкін тәркілеп, оны 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраймын»,- деді Мемлекеттік айыптаушы, Еркін БАЙМАҒАМБЕТОВ.

Айыпталушылардың қатарында Мұхтар Әбілязовтан бөлек  тағы 3 адам бар. Алғашқы екеуі - банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш пен оның бірінші орынбасары  Жақсылық Жарымбетов. Олар өз кінәларын толық мойындаған. Сондықтан, прокурор оларды 5 жылға бас бостандықтарынан айыруды сұрады. Осы мерзімнің 3 жылын олар шартты түрде өтеулері тиіс. Үшінші күдікті - "БТА"-ның кредиттеу бойынша директоры - Қайрат Садықов. Мемлекеттік айыптаушы оны 18 жылға абақтыға қамап, дүние-мүлкін тәркілеуді ұсынды. Одан бөлек, 3 жыл банк саласында мүлде жұмыс істемеу керектігін айтты. Еске салайық, Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластары "БТА" банкінің 1 млрд 705 млн теңгесін жымқырды деп айыпталып отыр. Әбілязовтың үстінен қылмыстық кодекстің 6 бірдей бабы бойынша іс қозғалған. 

Новости партнеров