Алматылықтар жылу мен ыстық суға 3 млрд теңге қарыз

06.06.2018 02:35

Алматылықтардың жылу мен ыстық су алдындағы берешегі үш миллиард теңгеге жеткен. Қомақты қаржының қайтарылмауы қысқы дайындыққа кедергі келтіріп отыр. Борыштарын өтемей жатқан қала тұрғындарына бұдан былай ыстық су берілмейді. Тіптен күн суытқан кезде де пәтеріне жылу жіберілмейді. Қарызы барлардың құбырын қию жұмысы қалай жүріп жатқанын келесі бейнематериалдан көрсек.

Райымбек даңғылының бойындағы мына асхананың қожайыны бизнесін белсенді жүргізіп отырса да, ыстық су мен алты айғы жылудың ақысын әлі қайтармаған. Табыстан түскен теңгеге тәубе - деген бизнесмендер бақылаушыларға бақырып қоя берді.

«Сотқа барыңдар, жабайы адамдар секілді жүрсіңдер. Кірсеңдер мен полиция шақыртам. Сендер жекеменшік жерге келіп тұрсыңдар. Біз барлық құжаттарды көтеріп, қарызды төлегенімізді көрсетеміз»,-деді кәсіпкер Рақымбек БАБАЕВ.  

Ашулы кәсіпкердің айтқаны орындалып, жылу жүйесінің жұмысшылары батылдыққа бара алмады. Ыстық су құбырын ақыры қия алған жоқ. Қарызға белшесінен батқан жердің бірі демалыс орны екен. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істейтін саунаның үш айдағы қарызы 700 мың теңгеге жеткен. Басшылардың сан сылтауына қарамастан саунаның ыстық су құбыры тығындалды.  

Алматылықтардың өткен жылу маусымындағы берешегі үш миллиард теңгеге  жеткен. Қарызды қасақана қайтармайтын кәсіпорындар мен тұрғындардың ісі сот арқылы өндірілмек. Биылдың өзінде жылу  қызметінің алдындағы 112 миллион теңгені өндіру туралы 386 талап арыз сотқа түскен.

«Қызмет ақысын екі айдан асып төлемегендер борышкерлер тізіміне кіреді. Іс сотқа жетсе тұрғындар  сот өндірушіге қарыздан бөлек тағы 3 пайыз үстеме ақы төлейді. Артық шығындалмас үшін, әрі қысқы маусымның дайындығына кедергі келтірмес үшін  уақытында қызмет ақысын төлеуді сұраймыз»,-деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС баспасөз хатшысы  Наталья ИНКИНА.  

Жылу мен ыстық суға қарызын төлемеген тұлғалардың мүлкі мен көлігін, банктегі шоттарын бұғаттаудан бөлек шетелге шығуына да сот арқылы шектеу қою жолдары қарастырылып жатыр. Осы уақытқа дейін барлығы 2 мың 608 борышкердің үйі мен кеңсесі жылудан ажыратылыпты. Жылу берушілер қара суық келгенге дейін тағы он төрт мыңдай  жеке тұлға мен екі мың бір жүздей  заңды тұлғаның ыстық су келетін құбырын қимақ. 

Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев, Алматы телеарнасы.  

Фото: 7kun.kz