Алматылықтар тегін берілуі тиіс дәрілерден қол үзіп қалды

16.05.2018 в 15:02

Алматылықтар емдеу мекемелерінен тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектен қол үзіп қалды. Өйткені препараттарды сатып алу үшін республикалық бюджеттен қаражат аз бөлінген. Соның салдарынан Денсаулық сақтау басқармасы қала тұрғындарының тек 70 пайызына тегін дәрі тарата алған. Бұл туралы қоғамдық кеңестің жиынында Алматының бас дәрігері Серікбол Мусинов мәлімдеді. Биыл тұрғындарға амбулаторлық тегін ем көрсету үшін бастапқыда 29 миллиард теңгеге өтініш берілген екен. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді құптамай, тек 15 миллиард теңге ғана бөліпті.

«2017 жылдың соңынан бастап тегін дәрі алуға қаржыландыруда проблемалар туындады. Өзгертулерге байланысты, 2018 жылы медицина мекемелерін дәрімен қамтамасыз етіп, біздегі жалғыз дистрибьютор «СК Фармация» компаниясына берілген. Былтыр тегін таратылатын препараттарды алуға 16,9 млрд теңге бөлінген болатын. Бірақ бұл қаржы мүлдем жетпеді. Ал биылғы екі ай үшін біз 1,1 миллиард теңге сұрағанбыз. Алайда, тек 894 миллион теңге қарастырылып, салдарынан тұрғындардың тек 70 пайызын тегін дәрімен қамтамасыз ете алдық», - деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол МУСИНОВ.

Дәрі тапшылығынан бөлек, қоғамдық кеңес мүшелерін қаладағы балалар ауруханаларының тапшылығы ашындырды. Олардың айтуынша 500 мыңнан астам бала тұратын Алматыға тек 2 ауруханың қызмет көрсетуі жеткіліксіз. Соның кесірінен, әсіресе, жаз кезінде қос мекемеге жеткіншектер сыймай кетеді. Әрі, жабдықталуы да көңіл көншіпейтін көрінеді. Мұны естіген басқарма басшысы биыл бала мен ана денсаулығына ерекше ден қоятынын жеткізді. Ал орын тапшылығы тек балалар ауруханасында емес, бірқатар емханаларда бар екен.  Қазір қаладағы 10 шақты емханаға адам сыймай, дәрігерлер қабылдап үлгермей жатыр. Сондай-ақ кей нысандар күрделі жөндеу мен кеңейтуді талап етеді.

«Мен бұрыннан бері бұл мәселе неге көтерілмегеніне таң қалып отырмын. Енді арнайы комиссия құрып, Мәслихат депутаттарымен бірлесіп, қаладағы емдеу мекемелерін тексеріп шығамыз. Олқылықтар жіпке тізіліп, оны шешу жолын қарастырамыз. Қай емханаға жапсарлас ғимарат салу керек, қайсысын жөндеуден өткізу керек нақты тізім жасау қажет», - деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңестің мүшесі Рахман АЛШАНОВ.