Алматылықтар тұрғын үйге кіре берістерін қанатты сөздермен көркемдеуде

Алматылықтар тұрғын үйге кіре берістерін қанатты сөздермен көркемдеуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлылардан ұлағат! Алматыда көп қабатты үйдің тұрғындары тың бастаманы қолға алды. Олар тұрғын үй кіре берістерін қазақ және әлемнің зиялы қауым өкілдерінің қанатты сөздерімен көркемдеуді қолға алыпты. Тұрғындар әзірге тек бір үйдің қабырғасына ойшылдардың сөздерін жазған болса, алда тағы бірнеше үйді қатарға қоспақ.

Алматылық Гаухар Бибаева Қалқаман ықшамауданында орналасқан мына көпқабатты үйде 2004 жылдан бері тұрады. Кеңес дәуірінде тұрғызылған үйдің әуелде қабырғасы қақырап, бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген екен. Ол пәтер иелері кооперативінің есігін талай қағып, жөндеу жұмыстарын жасап беруді сан мәрте сұраған. Бірақ, еш нәтиже болмапты. Ал, былтыр кооператив төрағасы ауысып, күрделі мәселенің күрмеуі шешілген. Тіпті, 5-ші қабатқа дейін даналардың даналық сөздері жазылған.

«Ой маған мазалағаны бірнеше жыл болды, осындай керемет подъезде тұрсам ба деген. Мәдениетті тұрса, өнегелі тәрбие алса жастарымыз деп ғұлама адамдардың цитатасын, афоризмдерін ілдік, сол мәдениеттік және тәрбие беретін. Жақсы балалар болып өссін деп болашағымыз деп сондай ойларымыз бар»,- деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғыны, Гаухар БИБАЕВА.

Тұрғын үйдің бірінші қабатынан бастап, бесінші қабатына дейін балалардың көзін тартар мультфильм кейіпкерлері қыстырылған. Ал, ең ерекшелігі мұнда 41 қанатты сөз ілініпті. Мұнда, ұлы ақын, әрі ойшыл Абай бастаған бір топ қазақ зиялыларының көркем сөздері тұр. Сондай-ақ, шетелдік ғұламалардың да тәрбиелік мәні бар афоризмдерін оқуға болады. Подъезді мұндай тәсілмен әрлеуге, әрі ішін сырлап жөндеу жүргізуге тұрғындардың бір тиыны да шықпапты. Бар шығында пәтер иелері кооперативі өз мойындарына алған.

«Маған мына подъезд ұнады. Неше түрлі суреттер мен ақындардың жазбалары бар екен. Бауыржан сияқты батыр болғым келеді, Абай Құанбайұлы сияқты ақын болғым келеді және өзім де мықты болғым келеді. Неше түрлі жазбалар өте ұнады маған, біздің подъездіміз де осындай болғанын қалаймын»,- деді Алан ТӨЛЕУБЕКОВ.

Қанатты сөздермен әрленген мұндай кіре беріс Қалқаман ықшамауданындағы тек №11 үйдің бір подъездінде ғана бар. Алдағы уақытта басқа да подъездерді осындай ерекше тәсілмен көркейту жоспарланып отыр. Тың бастаманы қолға алған тұрғындарға аудан әкімдігі де жомарттық танытып, қолдау білдірген. Олар Қалқаман ықшамауданының халқына 5 балалар және 4 футбол алаңын  салып беріпті.


Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров