Универсиада кезінде 7 мыңнан астам полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

Универсиада кезінде 7 мыңнан астам полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Универсиада кезінде 7 мыңнан астам полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тәртіп сақшылары спорттық нысандардың барлығында күшейтілген режимде жұмыс істемек. Олар спортшыларды алып жүретін автобустарды тұрақты түрде бақылайды. Одан өзге, Атлетикалық ауылда қарауылдық қызметті нығайтады. Қазір ондағы ғимараттардың жертөлесінде биатлоншылардың қару-жарағын сақтайтын қос бірдей қойма бар. Қапыда болуы мүмкін қауіптің алдын алу мақсатында маңызы бар нысандарға бетон қорғандар қойылады. Сондай-ақ жергілікті полицейлер күзет мамандарымен бірлесіп, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті күшейтеді. Тас жолдағы қозғалыс та полицейлердің назарында болмақ. Алматы маңындағы 10 бірдей экологиялық бекетке қосымша мамандар жұмылдырылады. Жарыс алауын алып жүруге де тәртіп сақшылары жәрдемдеспек.                        

«Барлық спорттық нысандар бойынша біздің құрам 23-нен бастап қауіпсіздікті күшейтеді. Сонымен қатар, спортсмендерді алып жүретін автобустарды, маршруттарды біздің жол полицейлері қамтамасыз етеді», - деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан БАЙКЕНОВ.

Қазір Алматыда бұзақылық азайған. Жергілікті полицейлер былтырғы жылдың екінші жартысында 10 мыңға жуық қылмыстың әшкереленгенін айтады. Оның дені -  ұрлық-қарлық. Былтыр жаздан бері 300 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Оларға салынған айыппұл көлемі - 2 млрд 728 млн теңге. Қуантарлығы - тас жолда болатын апаттар саны сиреген. Нәтижесінде, өлім-жітім 2015 жылмен салыстырғанда 2 пайызға азайған. 


Новости партнеров