Алматылықтар ыстық суға 2 млрд теңге қарыз

25.07.2017 17:37

Алматылықтар ыстық суға 2 млрд теңге қарыз. Сөйте тұра, берешегі барлар суға қарызын төлемесе де, оны тұтынудан тайынбайды. Жылу жүйесіне жауапты мамандар борышкерлерді ыстық судан қанша ажыратқанмен, олар қайта өздігінен қосылып алатын көрінеді. Коммуналды қызмет өкілдері  Бостандық ауданында абоненттік төлем жасамаған нысандарды сүзіп шығып, үшеуін судан ажыратты. Өйткені, олардың мемлекетке қарызы 33 млн теңгеге жеткен. Бір басқарушы мекеменің қарамағындағы 2 бизнес орталық пен тұрғын үй кешенінің қарызын төлемегеніне 1 жылдан асыпты.

«Бұрын бұл нысандарды ыстық су ақысын төлемегені үшін ажыратқан болатынбыз. Бірақ, олар өздігімен қайта қосылып алды. 33 млн теңгені өндіріп алу туралы соттың шешімі де бар. 3 нысанды да жауапкершіліктен жұрдай бір компания басқарады. Олар бізге қарызымызды өтейміз деп осы айдың басында қағаз жүзінде сендірген болатын, Бірақ, еш  нәтиже жоқ. Сондықтан судан аждыратпасқа амалымыз қалмады. Әрине, ай сайын су ақысын тұрақты төлейтін тұрғындарға обал-ақ»,- деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС шығыс секторының басшысы, Нұрлан МАҒЛҰМБЕКОВ.