Алматылықтардың кептелген көліктен құтылатын күні жақын

Алматылықтардың кептелген көліктен құтылатын күні жақын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі жылы Алматыдағы тұрғын үйлердің барлығы газбен қамтылады. Бұл туралы қала басшысы Бауыржан Байбек елбасымен кездесуі кезінде мәлімдеді. Жиында көгілдір отынмен жүретін қоғамдық көліктердің санын көбейту мәселесі сөз болды. Одан бөлек, шаһар іргесінде салынып жатқан үлкен айналма жолдың құрылысы да тілге тиек етілді. Маңызды магистраль қолданысқа берілсе, қаладағы көлік кептелісі 10 пайызға азаймақ.

Кектенген жолаушының кептелген көліктен құтылатын күні жақын. Қала маңында салынып жатқан үлкен Алматы айналма жолына қаржы құяр қаржыгерлер табылды. Ірі жоба жүзеге асса, шаһардағы көлік кептелісі 10 пайызға азаймақ. Яки, күніне қала ішімен жүйіткитін 60 мың көлік Алматыны айналып өтеді. 

«Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына 1 жарым млрд инвестиция тартылады. Ірі жобаға алматылық компаниялар да жұмылдырылған. Магистраль салынып бітсе, қаладағы көліктердің саны 60 мыңға дейін азаяды. Одан бөлек, Алматының көлік-логистика желісін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жүйесіне қосуға мүмкіндік туады»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Келелі кездесуде қала экологиясын жақсарту мәселесіне ден қойылды. Алматыны абаттандыру, жүргіншілер жолын жөндеу мен саябақтардың санын көбейту жайы кеңінен талқыланды.    

«Алдағы жылдары қос бірдей метро бекеті қолданысқа беріледі. Бірінші жылу стансасын газға ауыстырдық. Екінші стансаны көгілдір отынмен қамтысақ, ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін 2 пайызға төмендете аламыз. Одан бөлек, жолдарды көгалдандыру мәселесіне, көшет отырғызуға жіті мән беріп отырмыз. Қалада орналасқан кәсіпорындарды бірте шаһар маңына көшіріп жатырмыз»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртер орын - осы индустриалды аймақ. Елімізде жасалған әрбір бесінші тауар - Алматыда өндірілген. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын, салық түсімі де молая түскен.    

«Барлық көрсеткіш бойынша ілгерілеу бар. Бюджет қаражатының 99,5 пайызы толық игерілді. Бір жарым млрд теңге үнемдеп қалдық. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Одан кейін, сіздің бағдарламаларыңыз арқылы 45 мың жаңа жұмыс орнын құрдық»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

«Егер қала халқы 2 миллион адамнан асса, ол экономикалық тұрғыдан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Қаланың дамуы жаңа мүмкіндіктер туғызып, шағын және орта бизнестің ілгерілеуіне жол ашады. Мұндай қалалар шикізатсыз-ақ көркейіп, елімізді өркендетуге үлес қосады»,-деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жиында тұрғындарды баспанамен барынша көп қамту мәселесі де қозғалды. Өткен жылы пәтер кезегінде тұрған әрбір үшінші отбасы қоныс тойын тойлаған. Ұзын-ырғасы 6 мың арендалық пәтер қоданысқа берілген.    

«Пәтерлер көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналар мен мүгедек балалары бар жанұяға берілді. Олар кезекке тұрып, екінші деңгейлі банктер арқылы өздерінің төлем қабілеттерін растайды немесе кепіл болатын адам арқылы пәтер алады»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Алматы әкімі «Оңай» жүйесінің тиімділігіне де тоқталды. Қазірдің өзінде төлем карталарынан түсетін пайда 20 млрд теңгеге жуықтаған. Былтырғы жылы 500 жаңа автобус сатып алынды. Қала басшысының есебін тыңдаған Елбасы бұл қарқынды биыл да үдете түсу керектігін тапсырды. 

Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы


 

Новости партнеров