Алматының Алатау ауданында 10-нан астам зауыт іске қосылады

Алматының Алатау ауданында 10-нан астам зауыт іске қосылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында 10-нан астам зауыт іске қосылады. Онда азық-түліктен бастап, құрылысқа қажетті өнімдер шығарылады. Есесіне, отандық өнімнің бағасы да қолжетімді болмақ. Әйтсе де, кәсіпорындарды толыққанды аяққа тұрғызуға теңгенің тербелуі кері әсер етуде.

Дәл осы аумақта 2 жылдың ішінде 13 кәсіпорын бой көтермек.  Мәселен, балмұздақ жасайтын зауыт, ет өңдейтін кешен, тіпті мұнай өнімдерін өңдеуге қажетті құбырлар да  осы жерден шығарылатын болады. Есесіне жұмыссыздардың саны 5 мыңға қысқармақ.

Индустриалды аймақта бос жатқан жерлер толыққанды фабрика зауыттармен  толығады. Бүгінде 275,6 гектар аумақты алып жатқан жердің 75 гектарына 2019 жылға дейін нақты нысандар салынады. Жер телімі кәсіпкерлерге жалға беріледі. Бір шаршы метріне жылына 42 теңгеден төлейтін болады. Оған қоса, әкімдік тарапы бизнесмендерге барлық инфрақұрылымдық жұмыстарды тегін жүргізіп береді.  

«Бас-аяғы 40 бизнес жоспарды  іске асыру керек. Қазір қолға алынғаны 13 жоба. Қалғандары дайындық үстінде. 40 инвестициялық жоба 190 миллиард теңгені құрайды», - деді «Алматы-индустриалды аймақ» ЖШС директоры Әділ БӨРЛІБАЕВ.

Қаржы демекші, кәсіпкерлерлер осы тұста тығырыққа тірелгендей. Теңгенің тұрақсыздығы құрылыс материалдарының қымбаттауына әкеп соқтыруда. Салдарынан салынатын кәсіпорынға кететін шығын да шаш етектен.

«Бір ғана мысал, құрылыс заттарын салуға арналған қағаздан жасалған пакеттерді  шығаратын зауытың іске қосылуына әу баста 200 миллион инвестиция қажет еді. Алайда, теңгенің әсіреуі бүгінде бұл сомманы екі еселеп жіберді», - деді «Алматы-индустриалды аймақ» ЖШС директоры Әділ БӨРЛІБАЕВ.

Қайткен күнде де,  Алатау ауданының экономикалық деңгейі әлсіремек емес. Аудан құрылғалы бері оның дамуына бюджеттен 300 миллиард теңге бөлінген. 9 жылда негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 3 миллиардтан  100 миллиард теңгеге артыпты. Ал тауар айналымы 772 миилиардқа жеткен. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 9 жоба  619 миилион теңге қаржылық қолдау алған. Есесіне, 104 мың адамға жұмыс орны берілді.

Әйкерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров