Алматының қала құрылысы кеңесінде жобалар бекітілді

17.07.2017 22:14

Алматының қала құрылысы кеңесінде инвестиция құны 51 млрд теңгені құрайтын бес жоба бекітілді. Нәтижесінде, жалпы көлемі 145 мың шаршы метрден асатын тұрғын үй кешені мен 265 орынға шақталған мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі салынады. Нысандардың құрылысын жүргізу барысында 2 мың 750 адам жұмыспен қамтылатын болды. Сонымен, Бостандық ауданында Торайғыров пен Сайын көшелерінің қиылысында 12 қабатты 370 пәтерлі тұрғын үй бой көтереді. Кешеннің жеке паркингі мен қызмет көрсету нысандары бар. Құрылыстың салыну мерзімі - 30 ай. Ал Жетісу ауданында «Көкжиек City» жобасы мақұлданды. 1 мың 608 пәтерлі тоғыз қабатты тұрғын кешені «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылмақ. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен компания жылдық түсімі 7 пайыздық субсидия алған. Келесі нысан, «Жас Қанат» ықшамауданы аумағында 7 және 9 қабатты тұрғын үй салынады. Ал, Әуезов ауданында «Жаңа Жетісу» тұрғын кешені қаланады. Нысан 276 отбасыға шақталған. Бұдан бөлек, Бостандық ауданында 9 қабатты бизнес-орталық бой көтереді.