Алматының Медеу ауданында екінші түлектер форумы өтті

12.10.2017 в 02:24

Алматының ең білімді түлектері бас қосты. Медеу ауданында рухани жаңғыру бағдарламасы аясында екінші түлектер форумы өтті. Түрлі сала мамандары ауданның дамуына және өздері оқыған білім ошақтарына көмек көрсетуде. Балабақшалардың құрылысы мен спорт алаңдарын тұрғызуға ықпалдасып жатыр.  Ауданында «Туған жер» бағдарламасының арқасында 450 миллион теңгеге 2 мектепке дейінгі мекеме салынған, ашық аспан астында 4 футбол алаңы мен стадион тұрғызылған. Бірнеше білім ордасы жөндеуден өткізілген, спорт және мектепке қажетті жиһаз сатып алынған.


«Соңғы 20 жылда осы Медеу ауданының мектептерін 30 мың түлек бітіріпті. Соның ішінде сараптап бизнес саласында болсын, мемлекеттік қызметте болсын басқа да салада үлкен дәрежеге қол жеткізген азаматтардың базасын құрып, 2 мыңнан астам адам жиналды. Қазір ол сайтта бар. Биыл енді форматты өзгертіп, 500-ден астам аудитория жинап отырмыз», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

 

¤Бір жыл аралығында Медеу ауданының түлектері құны 1 миллиард теңгені құрайтын 14 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Одан бөлек, олар мектеп оқушылармен кездесу өткізген. Жыл басынан бері ауданның түлектері 74 білім ошағындағы тәлімгерлерге тәжірибелерін тәптіштеп тарқата айтты.


«Ұстаздың алдынан өткен бала егер ұстаз сол түлектердің талантын, талабын аша білсе, оларға өмірге жолдама бере алатындай, өмірде өз орнын таба алатындай және тауып қана қоймай өзінің еліне, жеріне деген махаббатыменен жұмысқа кірісіп, Қазақстанның азаматы деген атқа сай болатын түлектердің болуы ұстаз үшін бұл таптырмас бақыт, қуаныш», - деді ҚР еңбек ері, Алматы қаласы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл МИРАЗОВА.