Алматыда жалған құжатпен рәсімделген Наурызбай ауданындағы учаскелердің қалай сатылғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері бірнеше адамды ұстап, тағы өзге де қылмысқа қатысы бар күдіктілерді іздестіріп жатыр. Белгілі болғандай,алаяқтықпен "Каменский" зауытының бұрынғы жұмысшылары айналысқан. Олар жер иелері өздері болмаса да, оңай олжаға кенелу үшін құйтырқы амалдарға барған. Алаяқтардың көзбояушылығынан қанша адам зардап шеккені және жымысқы әрекеттерін қалай жүзеге асырғаны жөнінде келесі материалда.
Шамамен, "Каменский" зауытының жұмысшылары өздерінің ашкөздік жоспарын соңғы алты жылдан бері жүзеге асырып келген. Күдіктілер Наурызбай ауданындағы жаңа әкімшілік аймақ маңынан 160 гектардай жерді жалған құжатпен сатып жіберіпті. Қазір соның салдарынан 60-70 адам зардап шегіп отыр деген болжам бар. Жәбірленушілер полиция қызметіне жүгінген. Тергеу жүргізіліп, "алаяқтық" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. ¤
«Қазіргі таңда, Алматы қаласының ішкі істер басқармасымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Бұл жерлер кезінде совет мемлекеті кезінде племзавод Каменскийға тиесілі жер болған. Алаяқтық жолмен заңсыз сатып жіберген. Қазіргі таңда, адамдар анықталып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.Қазіргі таңда 1 адам ұсталды. Бірақ қылмысқа қатыстылардың саны үлкейеді»,- деді Тергеу басқармасы басшысының орынбасары, Ермек ЖАҚСЫБАЕВ.
Кезінде 655 гектар жер "Каменский" зауытына тиесілі болған.Сөйтсе, мекеме басшылығы қарамағындағы жұмысшыларға айлық ақысын төлемей қарыз болған көрінеді. Бірақ соның өтемі ретінде жұмысшылардың әр қайсысына 8 соттықтан жер телімін бөліп беруді уәде еткен көрінеді. Алайда, бұл ой іске аспай, зауыт тарап кетеді. Уақыт өте мекеменің бұрынғы жұмысшыларына бірге істеген әріптестері әу бастағы ескі құжаттармен жерді саудаға салыпты. Бұл туралы қазір сол жердің 117 гектарының иесі саналатын Тимус Констракшн мекемесі мәлімдеді. Компанияға тиесілі жерді де алаяқтар сатуға тырысқан.¤
«Алғаш жерді сатып алғанда біз бұл уческеде заңсыз салынған құрылыс бар екенін анықтадық. Олар 2015 жылы Наурызбай аудандық сотының шешімімен сүрілген еді. Зауыттың бұрынғы қызметкерлері ешқандай негізсіз, құқықсыз құрылыс жұмыстарын жүргізген. Биыл 3 мамырда аудандық сот Тимус Констракшн мекемесін осы жердің қожайыны екені туралы анық шешім шығарды»,- деді «TIMUS CONSTRUCTION» ЖШС заңгер-кеңесшісі, Антонина БАЙГАРИНА.
Алаяқтардың қармағына іліне жаздаған бұл аймақта қазір жаңа ықшам аудан бой көтеріп келеді. Аудан 70 мың адамға шақталып отыр. Ал жұртты алдап соққан айлакерлердің әрекетін қалалық прокуратура әшкерелеуге барын салып жатқан көрінеді. Тергеу амалдары алдағы бірнеше айда аяқталмақ.
Назкен Байтілес, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы