Алматының Түрксіб ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 13 балабақша мен 5 спорт алаңы ашылды. Бұл нысандардың барлығы инвесторлар есебінен тұрғызылған. Ауданда осыдан өзге бір жыл ішінде қыруар іс атқарылыпты. Мәселен, ағымдағы жылы Түрксіб ауданында 80 аула аумағын абаттандыруға 918 млн теңге жұмсалған. Келер жылы тағы 80-і қайта жөндеуден өтпек. Жергілікті әкімдік биыл көшелердің жөнделуіне баса назар аударған. Зорге және Майлин көшелерінде, Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта, «Жұлдыз» ықшамауданында жүргіншілер жолы жөндеуден өтті. Қалалық әкімдік ауданды көгалдандыру мен таза ұстау үшін келер жылға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.
«Дәл қазір ауданда 377 көшеге шам орнатылған. Жалпы жолдың ұзындығы 456 шақырымды құрайды. Тағы да 52 аулаға көше жарықтарын орналастыру үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Мысалы, 2018 жылы «Құрылысшыда» 14 көшеде жарық шамдары тұрғызылады. Ауданда 35 көшедегі 78 шақырым арық желісін, саябақты күтіп ұстау бойынша жұмыстар күнделікті жүзеге асады», - деді Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Павел КУЛАГИН.
Сонымен қатар, биыл «Қауіпсіз аула» атты жобаның арқасында 4200-ге жуық бейнебақылау камерасы 900-ден астам үйдің ауласына қойылған. Инспекторлар құрылғының көмегімен 8 мың 200 әкімшілік құқықбұзушылықтың ізін суытпай анықтаған. Жыл басынан бері Түрксібте 5 мың 146 қылмыс тіркеліпті. Оның ашылу деңгейі 34 пайызды құрайды.