Алматының үлкен айналма автомобиль жолы ақылы болмақ

06.12.2017 21:43

Алматының үлкен айналма автомобиль жолы ақылы болады. Бұл туралы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, жобаны Түркия мен Оңтүстік Корея консорциумы жүзеге асырады. Оның құрамында 4 компания бар. Жобаның құны - 180 млрд теңге. Айналма жолды салу келесі жылдың бірінші тоқсанында басталады. Жоба 2025 жылға дейін жоспарланған. Күре жол 60 шақырымнан астам қашықтыққа ұласып, бірінші санатқа жатады. Бетоннан жасалып, сегіз-он жолақтан тұратын жолда инженерлік құрылыстар да жеткілікті болмақ. Айта кету керек, жобаны іске асыруда бюджеттен қаржы жұмсалмайды. Үлкен айналма автомобиль жолы транзиттік көлік ағынын қалаға кіргізбеу арқылы Алматы жолдарының жүктемесін айтарлықтай төмендететін болады.