Амангелді Имановтың атыс, ұрыс қарулары, ұсталық инструменттері көрмеге қойылды

27.10.2016 19:44


Амангелді Имановтың атыс, ұрыс қарулары, бас киімі, жеке жазбалары, ұсталық инструменттері көрмеге қойылды. Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған "Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты" атты көрме Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде ашылды. Ерекше экспонаттардың арасында Әліби Жангелдин еңбегінің түпнұсқасы да бар. Ашылу салтанатына ағайынды ұсталар арнайы келіпті. Құлментегі Махмұт пен Айтберген - нағашы аталарының азаттық үшін күресте асқан мерген болғанын айтады. Ағайындыларда сол кездегі ұсталық саймандар сақталған.

"Жалпы, біздің тарихымыз жайлы Мағжан Жұмабаев үлкен нәрсе айтып кеткен ғой. Елдің елдігін көрсететін оның мәдениеті, тарихы, әдебиеті және салт-дәстүрі,- деп. Соған сәйкес, патриоттық тәрбие туралы айтып жүрміз ғой. Патриоттық тәрбиені құр айтқаннан ештеңе болмайды. Оны заттай айғақпен жасап, көрсету керек",- деді Ұста, Айтберген ҚҰЛМЕНТЕГІ.

"Мына ұлтымыздың санасына сол батырларды сіңдіріп, соларды үйретіп, сонда ол болашақта отаншыл, мықты азамат болады. Бұл кешегі ғана тарих және біз оны ұмытпауымыз керек",- Ұста, Махмұт ҚҰЛМЕНТЕГІ.

Көрмеге келушілер Жетісу мен Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің негізгі ірі орталықтарымен толығырақ таныса алады. Сирек кездесетін фотосуреттер, қолжазбалар, кітаптар мен жеке коллекциядағы жәдігерлер де кездеседі. Амангелді Имановтың немересі бір ай бойы жалғасатын көрме игі іс,- дейді.

"Өкінішке орай, мен атамның көзін көрмедім. Дегенімен, мен әкемнен оның қандай адам болғанын естігем. Ол кезде тым кішкентай едім. Атам ұлт-азаттық көтерілісте қайтыс болса, әкем отан соғысында көз жұмды. Қазіргі Тәуелсіздігіміздің оңай келмегенін өскелең ұрпақ түсінсе, болашағымыз жарқын боларына сенемін",- деді Амангелді Имановтың немересі, Батырлан АМАНГЕЛДИЕВ.