Америка Ресейге қатысты жаңа санкциялар енгізбек

17.01.2018 14:48

Қазақстан үшін Құрама штаттар ең ірі инвесторлардың бірі. Еліміздің қаржы министрлігінің дерегі бойынша, былтырғы жылы қос ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд 384 млн долларға жеткен. Алайда, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 жарым пайызға төмен. Сонымен, алыс-берістің азаюына не түрткі? Жалпы, Елбасының АҚШ-қа сапарынан не өзгеруі мүмкін? Тараптар арасындағы осы  кездесуден кейін  қос елдің қарым-қатынасы жақсара түсе ме? Осы сауалдарға жауап алу үшін біз белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының пікірін тыңдап көрген едік.

Бұл сапарды маңызы зор деп бағалауға тұрарлық. Қалай дегенмен АҚШ әлемдегі жетекші экономика, индустриалды, технологиялы мемлекет. Сондықтан, оның маңызы да, алып отырған орны да ерекше. Оның үстіне бұл жыл басындағы президент Трамптың  алғаш шет мемлекет басшысын қабылдау болып табылады. Тиісінше бұл сапарға, әсіресе Қазақстанда үлкен мән-мағына беріліп отыр. Қазақстан қазір мынау экономикалық дағдарыс жағдайында түрлі қаржы көздеріне, инвестицияларға зәру. Әрине, Америкада осы мәселелер де көтерілетін шығар. Кейбір кикілжіңдер де жоқ емес. Осы таяуда ғана Қазақстанның ұлттық қорының 22 млрд доллары, Батыстағы активтері бұғатталғаны - бұған АҚШ-тың әжептеуір қатысы бар. Осы келіссөздер барысында осы мәселелер де қамтылатын шығар менің ойымша. Ал, геосаяси тұрғыда айтатын болсақ, меніңше бұл да түйіткілді мәселе ол АҚШ пен Ресейдің арасындағы текетірес. Ақпан айынан бастап Америка жаңа санкцияларын енгізбек Ресейге қатысты. Негізінен алғанда бұл оңай келіссөздер болмайтын түрі бар. Одан айтырлықтай кереметтей бір нәтиже күту дұрыс емес жағдай. Мықты бір алға басу деп өз басым санамаймын. Өйткені, Трамп администрациясы келгеннен бері АҚШ бірталай елден өзінің активтерін шығаруда. Оның ішінде Орталық Азия елдері де болып отыр. Мұнай мәселесінің мәнін жоғалтқаны, бағасының төмендегені - Орталық Азияға деген қызығушылықты жоғалтты. Мұны да ескеру керек.