Жол полициясының жағасынан алған алматылық жүргізуші жауапқа тартылды

17.01.2018 15:15

Тыйым салынған жерге көлігін қаңтарып қана қоймай, жол полициясының жағасынан алған алматылық жүргізуші жауапқа тартылды. Жібек Жолы және Қонаев көшелерінің қиылысында болған жайт туралы әуесқой видео әлеуметтік желіде кең тарап кетті. 

Жолдағы заңсыздықты байқаған полицейлер жүргізушіден тиісті құжаттарын сұраған. Алайда, азамат дөрекілік танытып, қызметкерлерге қоқан-лоққы көрсеткен. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, тәртіпсіздік танытқан жүргізуші полицейлерден кешірім сұрапты. Бірақ ол жазадан құтылмайды. Жалпы 2017 жылы Алматыда тұрақ ережесін бұзған 81 мыңнан астам факт тіркеліп, жүргізушілер 691 миллион теңгеден астам айыппұл арқалапты.

«Бұл іс-әркеттер қылмыстық кодекстің 378 бабымен сараланып, қазіргі таңда 1985 жылы туылған Ф. есімді алматылық азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Сонан соң жол жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 601 бабының 1-ші тармағы бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 АЕК көлемінде айып тағылған болатын», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.