|
16.07.2018 | 19:35
39370

«Славян базарын» бағындырған Әміре туралы не білеміз?

«Славян базарын» бағындырған Әміре туралы не білеміз?

Халықаралық ән байқауында тағы бір қазақстандық әнші жеңіс тұғырынан көрінді. Халыққа Әміре ретінде танымал Ернар Сәдірбай Беларусьте өткен «Славян базары» байқауында бірінші орынды иеленді. Ақтық сынға дейін жетіп, орындау шеберлігімен, дауысымен ерекшеленген Әміре румыниялық қарсыласымен тең түскенімен, бас жүлдені әділқазылар Марчел Рошкаға беруді ұйғарыпты.

Еңбек – бәрін де жеңбек. Бұл жарты жыл табанды дайындықтың жемісі. Халықаралық «Славян базары» ән байқауында отандасымыз Әміре бірінші орынды иеленді. Ақтық сында румыниялық қарсыласымен тең түскенімен, бас жүлде бізге бұйырмапты.

«Әрине, бастапқы күндері денсаулығыма байланысты өнер көрсету аздап қиынға түсті. Бірақ сонда да бар күшімді салып, үш күн бойы жоғары ұпайға ие болдым. Үшінші күн бойынша Қазақстан және Румыния бірдей ұпайға ие болды.  Әділқазылардың шешімі бойынша, бірдей ұпай болса да Гран-приді Румынияға берді. Ал Қазақстан бірінші орынға ие бодды. Мен өте қатты қуанып тұрмын. Себебі ешкімнен кем болған жоқпын, кем ұпай алған жоқпын. Әрі қарай әділқазылардың шешімі болды», – деп қуанышымен бөлісті «Славян базары-2018» байқауының жүлдегері Ернар СӘДІРБАЕВ «Алматы» арнасына берген сұхбатында.

23 жастағы әнші сахнада өзін Әміре ретінде таныстыруы тегін емес. Мұндағы мақсат кезінде Еуропаны аузына қаратқан Әміре Қашаубаевты таныту дейді. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүріп-ақ ол түрлі мерекелік шараларға, байқаулар мен конкурстарға қатысып, өзін әнші ретінде танытып үлгерді.

«Ернар бұл байқауға ұзақ дайындалды. Кейде түнімен ән айтатын. Менің ойымша, Ернардың әнші ретіндегі жолы енді басталды. Қазір бір аудиторияның жүрегін жауласа, келешекте бүкіл әлемді аузына қарататынына сенімдімін», – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Ринэма САБИРОВА.

Ернардың қоржынында қазір бірнеше байқаудың жүлделері бар. Германиядағы «Берлин жауһары» байқауында үшінші орынды, Чехияда өткен жарысты Гран-приді иеленген.

Айта кетейік, Беларусь елінде өтетін «Славян базары» қазақстандық таланттар үшін таңсық дүние емес. Осыдан үш жыл бұрын Димаш Құдайберген бас жүлдені иеленген болатын. Динара Сұлтан, Адам, Әлішер Кәрімов секілді әншілер де конкурс лауреаттары атанған.

Азамат Әуезхан, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы

Фото: inform.kz


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир