Нұрсұлтан Назарбаев Зәмзәгүл Шәріпованың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстанның халық әртісі, театр және кино өнерінің майталманы Зәмзәгүл Шәріпованың туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айтты.
«Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия саласындағы талантты актерлер шоғырының белді өкілдерінің бірі болатын. Оның кинода және театр сахнасында сомдаған айшықты рөлдерін өнерсүйер қауым әрдайым қызыға тамашалады. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы арқылы өз саласында айрықша із қалдырды. Зәмзәгүл Шәріпованың қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.
Айтып өтсек, әйгілі актриса, Қазақстанның халық әртісі, «Отан» орденінің иегері Шәріпова Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы 14 шілде күні дүние салған болатын.
Ол 1931 ж. Алматы облысы Жамбыл ауданы ХХ партсъезд ауылында дүниеге келді.
Ал, 1947 ж. Алматының Жоғарғы киноактерлер мектебін бітіріп, «Қазақфильм» киностудиясында және Қазақ радиосында қызмет етті.
1953ж. М.Әуезов театрының актерлік құрамына қабылданды. Сол уақыттан бері үзіліссіз осы театрда қызмет ететін, актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен дүниежүзілік классикадан сан қырлы 100-ден аса бейне сомдады.
Сахнадағы рольдері: ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Ғ. Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Ева Браун, Ә. Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, Қ. Байсейітов пен Қ. Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Нұрсұлу, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Сәлима, т.б.
Әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона, «Ричард Ш»-де Королева, Горькийдің «Күннен туғандарында» Елена, В. Дельмардың «Өкінішті өмірінде» Анита, Л. Зориннің «Варшава әуендерінде» Гелена, М. Метерлинктің «Соқырларында» Соқыр әйел, тағы да басқа көптеген роль орындады.
З. Шәріпова жасаған сан қилы сахналық бейнелердің ішінде ерекше тұлғаланғаны М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөз бейнесі. Бұл бейне актриса шығармашылығының ең жарқын кезеңі болды, оның талантының лирика-драмалық қырын мейлінше ашты. Трагедиялық актриса ретінде де мүмкіндігі мол екенін танытқан рольдерінің ішінде ерекшесі С. Жүнісовтің «Ажар мен Ажалындағы» Ажар болды.
Қазақ өнерінің үлкен тұлғасы З. Шәріпова – көркемсөз оқудың үлкен шебері. Ол ұлттық классикадан радио мен теледидарда көптеген шығарма жаздырды. Мысалы, С. Сейфуллиннің «Аққу әні», М. Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер Қазақ радиосының алтын қорына енді. Ал оның «Аққудың айрылуы» моноспектаклін осы жанрдағы ерекше табысы деуге болады. Актрисаның балаларға базарлығы – кешкі ертегілері Қазақ радиосының алтын қорында жазулы.
З. Шәріпова киноактриса ретінде де танымал. Ол режиссер Ш. Аймановтың «Дала қызында» Нұржамал, «Біз осында тұрамызында» Дина, режиссер Қ. Әбусейітовтің «Өмір жолында» Хадиша, Б. Шәріптің «Заманай мен Аманайында» Ана, тағы да басқа бірталай кинофильмге, сондай-ақ режиссер Ә. Мәмбетовтің «Абай» телефильміне түскен.
Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін З. Шәріповаға Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1959), Қазақ КСР халық артисі (1966) құрметті атақтары берілді. «Құрмет белгісі» (1959), «Халықтар достығы» (1981) және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» (2005) ордендерімен, сондай-ақ бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.