Апатқа ұшыраған пойыздың 400-ден астам жолаушысы Алматыға жетті

18.06.2018 15:43

Жамбыл облысында апатқа ұшыраған пойыздың 400-ден астам жолаушысы Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы-1» теміржол вокзалына жеткізілген жолаушыларға медициналық қызмет көрсетілді. Сол жерде вокзалдың медициналық пункті мен 10-нан астам жедел жәрдем қызметінің көлігі кезекшілік атқарды.

Сондай-ақ жолаушыларға қосымша ақпараттық-анықтамалық аумақта теміржол билеттерінің ақшасын қайтарып алуға қатысты кеңес берілді

«Адамдарды белгіленген пунктке жедел жеткізу үшін Шу стансасына 7 жолаушы вагоны жіберілді», - деді «ҚТЖ-жүк тасымалы» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Сәрсебек Жапаров.

Рельстен шығып кеткен пойызы жолаушыларының айтуынша, оқыс оқиға болғаннан кейін жолсеріктер оларды бірден вагоннан сыртқа шығарған. Шамалы уақыт өткен соң теміржолшылар жолаушыларды басқа пойызбен Алматыға жөнелткен.

«Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш оқиға Астана-Алматы бағытымен жүретін пойыздардың жүру кестесіне кедергі келтірмеді.

Бұған дейін Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызының апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз.

Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комиссия құрылғанын жария еткен еді.