|
02.08.2018 | 16:51
2389

«АрМИ-2018»: әскери додаға Сириядағы террорлық әрекеттерге қарсы күрескен сарбаздар да келді

«АрМИ-2018»: әскери додаға Сириядағы террорлық әрекеттерге қарсы күрескен сарбаздар да келді

Отар 40-шы әскери базасында өтіп жатқан халықаралық доданың алғашқы кезеңінде қазақстандық сарбаздар топ жарды.

Қазақ артиллеристері қарсыластарынан оза шауып, берілген тапсырманы 16 минут 27 секундта орындады. Екінші орынға Беларусь сарбаздары тұрақтаса, үздік үштікті Ресей командасы түйіндеп тұр.

Ал бүгін ұшқышсыз әуе аппараттарын басқару сайысы басталды.  

Әскери ойындардың екінші күнінде ұшқышсыз әуе аппараттарын басқару сайысы басталды. Командалар осы құрылғымен Мәтібұлақ полигонында жасырылған нысандарды табу керек. Аталған сайыста уақыттың маңызы зор. Тапсырманы тез орындаса сәйкесінше, қойылатын балл да жоғары болады. Құрылғы арқылы жасырынған нысанды анықтағаннан кейін, оператор оның координатын төрешілерге баяндайды.

Ұшқышсыз басқарылатын аппараттар сайысына Қазақстан, Беларусь, Иран және Ресей федерациясының командалары қатысып жатыр. Әрқайысысы өздерінің құрылғыларын алып келген екен. Ресей мен Беларусь әскерилерінің аппараты өздерінде құрастырылса, қазақ сарбаздарының ұшқышсыз ұшағы Израильде жасалған. Көкте 40 шықырымға дейін қалқи алады.

«Мәтібұлақта дайындалдық. Біздің дайындалғанымызға бір жарым ай болды. Бір жарым айдың ішінде Мәтібұлақты түгелдей жаттап, қай жерде қандай окоп барын, қай жерде қандай техникалар тұратынын біліп алдық. Бізге оқу ретінде басқа нысандарды қойды. Командада төрт адам. Сол төрт адам қазіргі берген тапсырманы уақытында орындауымыз керек», – деді «Сұңқар салу» сайысының аға операторы Тұңғат СЕЙІТОВ.

«Сұңқар салу» сайысындағы Ирандық сарбаздар да төл техникаларын ала келіпті. Айтуларынша, аппараттары Қазақстанның полигоны мен ауа райына арнайы жасалған.

«Біз осы жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды Қазақстан ауа райына бейімді болу үшін алты ай құрастырдық. Жабдықтарымызда әзірге еш ақау жоқ. Мұндай халықаралық жарысқа қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Осы арқылы әскери достығымызды нығайтамыз», – деді Иран Ислам Республикасы Әуе күштерінің ұшқышсыз әуе аппараттар бөлімінің қолбасшысы Ахмад АХМАДИ.

Халықаралық армия ойындарын өткізудегі басты мақсат – елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу. Ұшқышсыз басқарылатын әуе аппараттар арасындағы сайыс биыл екінші жыл өтіп жатыр. Додаға қатысушылар арасында Сирия сынды араб елдеріндегі террорлық әрекеттерге қарсы тойтарыс жүргізген сарбаздар да бар.

«Бізге келген қонақтар арасындағы Ресейдің, Иранның командасы Сирия Араб Республикасында іс-қимылдар жүргізіп жатыр. Солардың тәжірибесі біздегі команда жасақтарын дайындау барысында үлкен әсерін тигізді» – деді «Сұңқар салу» сайысының бас төрешісі Болат ЖОРАБАЕВ.

«АрМИ-2018» халықаралық әскери ойындары Қазақстаннан бөлек, тағы алты мемлекетте өтуде. Жауынгерлер жарыстың 28 түрінен «кіл мықтыдан кім мықтыны» анықтап жатыр. Еліміздің сарбаздары 14 сайыс түрінен бақтарын сынауда.


Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир