Астана қалалық соты баланың қола мүсінін және Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне орнатылған ескерткіштің әріптерін қолды қылған ұрыға үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2018 жылғы 20 маусымда Астана қаласы, Сарыарқа аудандық №2 соты жалпы құны 8 миллион теңгеден асатын мүлікті ұрлаған ер адамға қатысты үкім шығарды. Соттың үкімімен айыпталушы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемесінде жазасын өтейді», – деп мәлімдеді қалалық соттың баспасөз қызметі.
Іс материалдарына қарағанда, үстіміздегі жылдың 20 наурызында, 5 және 7 сәуір күндері ер адам Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне орнатылған ескерткіштің металл әріптерін, цифрларын, лавр жапырағы тәріздес алқагүлді қолды еткен. Ал 23 наурызда «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына» орнатылған ескерткіш кешенінен баланың қола мүсінін ұрлаған.
2018 жылғы 1 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.
Сотта айыпталушының ұрлаған заттарын металл сынықтарын қабылдау пунктіне өткізгені айтылды.
Сот отырысында сотталушы өз қылмысына өкінетінін айтты. Айта кетерлігі, ескерткіштерді ұрлаған адам бұрын да екі рет ауыр қылмыс жасағаны үшін жазаланған.