Мәтібұлақ полионындағы әскери ойындарға қатысып жатқан сарбаздар шу шығарды. Сириялық сарбаздар өздерінің сәтсіздікке ұшырағанын қазақ елінің қаруынан көріп отыр. Шетелдік командалар Қазақстан ұсынған техникалардың сапасы төмен деп төтесінен қойды.
Бүгін артиллериялық оқ ату эстафетасына11 команда түгел қатысты. Екі күннен соң өтетін финалға жетіп жығылуды көздеген қалың әскер көздеу, кедергілерден өту сынды қалың қағидаларды қалт жібермей орындау үшін жанталасып жатыр. Әрбір сарбаз өз елінің айбынды әскерін осы тапсырмалар арқылы танытып қалуға тырысып бағады. Әрбір ой-шұңқыры жете таныс болған соң ба, жергілікті әскерлер жеңісті қазірше ешкімге берер емес.
Қалың жауынгер қатарында Қазақстан үздік атанса, сириялықтар соңында келеді. Сириялықтар өздерінің сәтсіздіктерін қазақтар берген қарудан көріп отыр. Сөздеріне сенсек, сарбаздары нысана көздеуден мүлт кетпеген. Тек техника тозған әрі жарыс жолын жауынгерлер жете меңгеріп үлгермеген.
«Біздің сарбаздар артиллериялық оқ ату сайысынан жақсы өнер көрсетіп жатыр. Қатысып жатқан барлық команданың ішінде тек біз ғана бір атқаннан нысанаға дәл тигізе алдық. Алайда, жеңіл брондалған көпсалалы техникамыз жылдам жүрмейді. Оның үстіне, Сирияда мұндай техника жоқ. Біз жаяу әскер ұрыс машинасымен дайындалдық. Бірақ биыл алғаш рет қатысып отырғандықтан, нәтиже ойдағыдай емес. Келесі жылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз деп ойлаймын», – деді Сирия Араб Республикасы делегациясының командирі Айман СУЛЕЙМАН.
Ал қазақстандық әскерилер техниканың барлығы талапқа сай келетінін айтады. Жарыс басталмас бұрын полигонда барлық команда осы көлікпен бірдей дайындалған. Тіпті, өздерінің техникаларымен келген командалар да жеңіске жете алмай жатыр. Сондықтан жарыстағы сәтсіздікті техникаға жабудың қажеті жоқ деді қазақстандық жауынгер.
«Оған ешқандай техниканың қатысы жоқ. Бұл жерде тәжірибе көп рөл ойнап жатқаны белгілі болып тұр. Мысалы, Ресей мемлекеті де өздерінің техникаларын алып келді. Олар да бізден озып, жоғары көрсеткіш көрсетіп жатқан жоқ. Оны техникаға жабудың қажеті жоқ», – деді кіші сержант, граната атқыш Ғайбуддин ӘБДІРАХМАНОВ.
Сайыс басталмас бұрын барлық команда техникаларды өздері таңдап алған. Сонымен қатар, сарбаздар қосалқы жарыс жолында жаттыққан. Сондықтан қатысушылардың техниканы меңгеріп алуға уақыттары болған.
Сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүйткитін бұл көліктер былтыр ғана толық техникалық жөндеуден өткен. Оның үстіне жеңіл брондалған көпсалалы техника тек осындай әскери ойындарда қолданылады. Ал уақыты келген саймандар жаңасына ауыстырылып отырады. Сондықтан мұны тозығы жеткен деп айтуға келмейді. Ал жарыста жеңіліп жатқан командалардың сәтсіздіктерін техникадан көруі заңдылық. Айта кетейік, бүгінгі эстафета сайысында үздік төрт команда финалға жолдама алады. Ақтық сын сәрсенбіге жоспарланған.
Өмір Әнуарбек, Рысбай Ақыш, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан