«Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі» аумағында көпірдің құлау себебі белгілі болды. Төтенше жағдайдың орын алу себептерін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия металдың құрамынан бастап жобалау процесіне дейін жіті тексерген. Естеріңізге салайық, биылғы жылдың 16 қарашасында ЭКСПО халықаралық көрме аумағында салынып жатқан 8 декоративті көпірдің бірі құлаған болатын. Көпірдің салмағы 320 тонна, ал ұзындығы 96 метрге жуық.
«Комиссияның нәтижесі бойынша қателік жоспарлау барысында кеткен. Сонымен қатар, біз тапсырыс беруші ретінде ғимарат әлі қабылдауға алмағандықтан жөндеу жұмыстарының барлығын «BI GROUP» компаниясы жүзеге асыратын болады»,- деді "Астана Экспо-2017" ҰК қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары, Ақсұлу АРЗЫҚҰЛОВА.