Астана маңында қаңғыбас иттер қаптап жүр

21.02.2018 01:45

Ақмола облысының Қосшы ауылында қаңғыбас иттердің адамға шабуылдауы жиілеген. Жыл басынан бері қараусыз жүрген төртаяқтылар ауылда бірнеше адамға тісін батырыпты. Жергілікті атқамінерлер қолдан келген бүкіл мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз, дейді. Тіпті, биылдың алғашқы екі айында 140 ит ауланып, атылған. Бір жылда олардың санын едәуір азайту үшін аудандық бюджеттен 6 миллион теңге көлемінде ақша да бөлінген.

Иттер көбіне осындай азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүреді. Және де адамдар көп шоғырланатын жерге әуес келеді екен. Таңертеңгілік оларды аялдамада да көптеп кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар балалар өміріне қауіптенеді. Өйткені, топ-тобымен жүрген иттер балаларға шабуыл жасауы мүмкін.

Гаухар Байымбетова жақында бір топ иттің құрбаны бола жаздапты. Абырой болғанда, көлікпен жанынан өтіп бара жатқандар араша түсіп, аман алып қалған. Ол бұған жергілікті билікті кінәлайды. Тіпті, қаладан иесіз, қаңғып жүрген иттерді Қосшыға әкеліп тастау практикасы бар, дейді. 

«Құтырдыма, ауру болдыма, керек болмай қалған иттерді қаладан осы ауылға әкеліп тастайды. Содан осы ауылда он шақты болып жүреді олар. Бірі-бірімен топырлап жүреді. Адамның, балалының өміріне қауіпті ғой ол. Біз қауып алған жағдайға дейін күтіп отырмаймыз ғой. Ауруханадан шыққанша. Айттық, біз әкімдікке бардық. Арыз жаздық. Бірақ жасалып жатқан жұмысты біз көріп тұрған жоқпыз. Мынау тұрған дүкенге де шыға алмаймыз», - деді Қосшы ауылының тұрғыны Гаухар БАЙЫМБЕТОВА.

Соңғы екі айда екі адамды қапқан Қосшы ауылында иттерден келетін қауіпті Дүйсенбай Сүкеев те біледі. Сондықтан ауыл тұрғыны мектеп жасындағы баласын оқуға әркез шығарып салып, уақытында күтіп алады.

«Иелеріне айтатын болсақ, иелері «қаппайды» дейді, анау-мынау деп құтылады. Шын мәнісінде кімге жүгінерімізді білмейміз. Әкімдікке барамыз, сол мәселемен жүрміз. Шешілмей жатыр әлі», - деді Дүйсенбай СҮКЕЕВ.

Ауылдағы қаңғыбас иттерді аулауға 2017 жылы жергілікті бюджеттен 5 миллион 350 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға екі мыңнан астам иттің көзі жойылған. Дегенмен, 4-5-тен табатын мақұлықтар дес бермей тұр, дейді ветеринарлар. 

«Биылғы жылға 6 миллион ақша бөлінген. Қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға. Жылдың басынан бастап аудан бойына 658 ауланып, жойылды. Оның ішінде Қосшыда 140 ит ауланып, жойылды. Жергілікті әкімдіктің, халықты сұранысы бойынша», - деді Целиноград ауданына қарасты  «Төрт түлік» мекемесінің директоры Өмірбек ТӨКЕНОВ. 

Екі адамға тісін батырған итті мамандар сол күні құрықтап, оның ешқандай ауруға шалдықпағанын анықтаған. Айта кетейік, қазір үй жануарларына түрлі ауруға қарсы екпе салынып жатыр.