Астанада биік ғимараттан қос бірдей қыз құлап кетті. Жантүршігерлік алғашқы жайт «Байқоңыр» тұрғын үй кешенінде болған. Небәрі 20 жастағы бойжеткен зәулім үйдің 21-ші қабатынан ауып түсіпті. Марқұм тілге келмей жан тапсырды. Әзірге, қайғылы оқиғанның анық-қанығы анықталған жоқ. Полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Аталған дерек бойынша, қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» дерегіне сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл жайттың қапыда немесе қасақана болғанын тап қазір айту қиын», - деді ІІД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Екінші жайт – «Жаңа әлем» тұрғын үйінде тіркелді. Мұнда да белгісіз қыздың 15-ші қабаттан құлап кеткені анықталды. Періштесі қаққан болуы керек, әлгі қыз тірі қалыпты. Бірақ жағдайы тым ауыр. Дәрігерлер оның бірнеше жарақат алғанын айтады. Медиктер тиісті көмектің барлығын көрсеткен.