Астанада жолға таласқандар 30 жастағы жігітті пышақтап, өлтіріп кетті. Қанды оқиға өткен аптада қаладағы жатақханалардың бірінде болған. Боранды күні екі тарап көлік жолына таласып, келіспей қалған. Ізінше, қос күдікті жігітті үйіне іздеп барып, дәлізде пышақтап тастайды. Ауыр жарақаттан марқұм тілге келмей жан тапсырды. Ал, қандықолдар көп ұзамай қолға түскен. Қазір полицейлер оларды тергеп жатыр. Бірақ марқұмның туыстары айыпты тарап куәгерлерге қысым көрсетіп жатқандарын айтады.
Былтыр ғана отағасын жер қойнауына тапсырған қаралы отбасы енді міне қалақтай балаларын да ақтық сапарға шығарып салды. Қайғыдан қан жұтқандарға көңіл айтып, сабырға шақырып жатқандар көп. Бірақ айдың-күннің аманында жалғыз ұлдарынан көз жазып қалғандардың өкініштен өзегі өртеніп отыр.
¤«Күйеуімді екі адам пышақтап кетті. Оқиға күндізгі уақытта болыпты. Олар үйге келіп, Саяхатты соққыға жығады. Кейін, кеуде тұсына 3 рет пышақ сұққан. Жауыздарды қатаң жазалауды өтінемін. Ондай адамдар жер басып жүрмеуі керек», - деді марқұмның әйелі Тамара ГУРИНА.
Біреуді жарынан, енді бірін әкесінен айырған қандықолдар өткен аптада Астанадағы жатақханалардың бірінде шатақ шығарған. Олар әуелі көлік жолына таласып, келіспей қалады. Кейін, Саяхат Сабдраймовты үйіне іздеп барып, бірнеше адамның көзінше осы дәлізде пышақтап тастайды. Ауыр жарақаттан 30 жастағы жігіт тіл тартпай кетті.
«Саяхат екеуі төбелесе кетеді. Анау Саяхаттан көп үлкен. Содан кейін төбелес басталады. Төбелес басталғанда інісі Саяхатқа жүгіре кетеді. Содан кейін інісі астыға қашады. 10 секундттан кейін пышақпен жүгіріп келіп, тығып үлгереді», - деді Куәгер Талғат НӘБИДЕН.
Осы оқиғадан кейін, қос күдлікті қолға түскен. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу тағайындалды.
«Осы дерек бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 2 бабымен, яғни кісі өлтіру және бұзақылық бабатарымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер із суытпай қолға түсіп, қамалды», - деді Астана қаласы ІІД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Қандықолдар қамалғанымен олардың жазадан сытылып кетуі бек мүмкін. Марқұмның туыстары «ұсталған адамдардың жақындары қазірдің өзінде бізге қысым көрсетіп жатыр», - дейді. Айтуларынша, оқиғаны көзбен көрген жандарға да тіс жармауды бұйырған. Қоқан-лоқыдан әбден шошынып қалған куәгерлер енді жақ ашудан тартынып отыр.
«Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасындағы Рома есімді тергеуші бізге айыптылардың тарапынан қысым болатынын, қарсы түсініктеме бермеуімізді ескертті. Әйтпесе, бізге қауіп төнетіндерін жеткізді», - деді Куәгер Павел МАЛЫХ.
Саяхат Сабдраймов Астанада жалданып жұмыс істеген. Сол күні көлігін жөндетіп, Тараздағы анасының үйіне бармақ болыпты. Бірақ, бұл сапары соңғы боларын білмесе керек. Марқұмның артында жары мен 5 жасар ұлы қалды.
«Олар анау жақта отырып алып, ақшамен сатып аламыз, сотқа дейін үйімізде жатамыз»,- деп отырған шығар. Ол не деген сұмдық? Адам өліп жатыр. Олар әдейі үйге келіп, пышақпен өлтіріп жатыр. Бір рет емес, үш рет жүректен қадап өлтірген адамды қалай ақшамен шығарып алуға болады?» - деді марқұмның әпкесі Динара САБДРАЙМОВА.¤¤
Қапыда көз жұмған жігіт кеше Таразда жерленді. Қаралы отбасы «полицейлерден қайыр болмаса, жоғарғы сотқа дейін шағымданамыз», - дейді. Бастысы - қылмыс жасағандар жазасыз қалмауы керек.
Дастан Сейілханұлы, Нұржан Садырбай, «Алматы» телеарнасы