Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясы өтеді

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясы өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана қаласында Елбасының төрағалық етуімен Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясы өтеді. 28 сәуірде Бейбітшілік және келісім сарайында болатын дәстүрлі шараның биылғы күн тәртібі бөлек, тақырыбы да ерек: «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры». Келелі жиынға Алматыдан 50 делегат аттанбақ.

Әлеуметтің әлеуетін көтермей, демографиялық даму болмасы анық. Баспана мәселесін шешу, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, білім сапасын арттырып, студенттерді жатақханамен қамту және шағын несие беруді көздейтін Президенттің 5 бастамасын халық қуана қабылдады. Ендігі міндет -оның тезірек іске асуы. Тұрмысты түзеуге бағытталған бастаманы жүзеге асыруда Ассамблеяның рөлі қандай болмақ? Ол алдағы сессияда белгілі болады.

«Біз ең алдымен Президентті тыңдауға бара жатырмыз. Елбасымыз жыл сайын инновацияға негізделген тиімді ұсыныстар айтады. Биылғы әлеуметтік бастаманы алға шығарып отырғаны өте орынды деп ойлаймын. Азаматтардың денсаулығын ойлау, оның білімі, баспанасы мен табысыны қамқорлық жасау бұл -экономикалық модельдің ең маңыздысы», - деді Түркмен этномәдени орталығы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнар АННАКУЛИЕВА.

«Елбасымыздың биылғы қоғамдағы алар орнының зор екендігін біліп, осы әлеуметтік 5 бастаманы алып отыр. Қай бастамасы болса да, жақсы дейміз, бірақ мына бастамасын биыл тақырып етіп қойғанының өзі ерекше», - деді қоғам қайраткері Асылы ОСМАН.

Биылғы сессияның ең қызығы - 20 жылдан кейінгі жүздесу. 1998 жылы Елбасымен Достық үйінің маңында суретке түскен мына балалар Президентпен кездесіп, дәл сол 20 жыл бұрынғы сәтті қайталамақ. Сол кезде небәрі 5 жаста болған армян қызы Анна бүгінде 25 жастағы бойжеткен. Кішкентай болғандықтан Президентпен кездескен кезі жадында жатталмапты. Бірақ биылғы сессияға ерекше дайындалып жатқанын жасырмады. Және суреттегі ұл-қыздармен әлі күнге дейін байланыстары үзілмеген екен.

«Бұл сурет менің үйімнің төрінде ілініп тұрады. Осы суретте қараған сайын ерекше сезімде боламын. Наурыз айында маған Президентпен тағы осындай суретке түсесіз дегенде таң қалдым. Осы кездесу үшін арнайы киім тіктірдік. Бізді көру Елбасы үшін де тосынсый болады деп ойлаймын», - деді Анна АРАКЕЛЯН.

Жыл сайын сәуір айының соңында болатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің  татулығын нығайта түсетін айтулы шара. Ал 1 мамырда қазақстандықтар, әдеттегідей, Бірлік күнін тойлайды.


Тоғжан Аман, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров