Астанада көпбалалы жалғызбасты ана балаларын мектепке жіберуге қауқарсыз

04.09.2017 09:04

Оқулық түгіл мектеп формасы жоқ отырған отбасы әлі көп астанада. 6 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана, балапандарын мектепке жіберуге қауқарсыз. Жағдайы біразына белгілі болса да, құрбан айт қарсаңында қарайласуға ешкім келмеген көрінеді.

39 жастағы Ұлдана Қарабаева, 6 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Оның үшеуі мүгедек, сондықтан да ана үшін үйден бір елі аттап шығып, жұмыс істеу де қиын. Ал балалардың әкесі ауыр материалдық жағдайға шыдай алмай, үйден кетіп қалыпты. Жалғыз басты әйелдің уайымы көп, кезек күттірмейтін мәселе - 4 баласын мектепке дайындау. Қаражаттың жоқтығы, қол байлау. Бүлдіршіндерін, жаңа оқу жылына дайындауға жағдай келмейді. 

«Жұрттың бәрі айтады, қалай күн көресің, ұялмайсың ба, үй жинап тазалауға деп. Несіне ұяламын? 6 балам аш қалмаса, тоқ болсын деймін. Өзім қалғанда мамам келіп кеткен. Жазыммен осы жерде жүріп кетті. Сіңілім жіберді ғой енді көмектес деп»,- деді Қала тұрғыны, Ұлдана ҚАРАБАЕВА.

Бұл отбасының 4 баласы Астананың  №65 мектеп-гимназиясында оқиды екен. Бірден мектеп басшылығына хабарласқанымызда, бұл отбасының жағдайымен таныспыз әрі әрқашан біздің назарда деп ақталды. Тірлікке тілшілер араласқан соң ба кім білсін, жарты сағатта мектеп формасына да, сөмке, дәптерлерге де қарық қылды.

Жалпы, бір ғана Астанадағы 65-ші мектеп-гимназияда 80-нен аса тұрмыстық жағдайы төмен отбасының баласы оқиды. Оның бәріне қол ұшын бермесек те, шама-шарқымызға қарай көмектесіп жатырмыз дейді оқу орнының басшылары.

«Біздің мектебімізде әртүрлі категорияға жататын, көмекті қажет ететін отбасылар өте көп. 50-60 отбасы бар. Сол отбасылардың бірі ретінде Байдәулетовтердің отбасына келіп отырған жайымыз бар. Біз 4 баласына әр түрлі оқу құрал-жабдықтар алып келіп жатырмыз және биылғы мектепке баратын қыз баласын оқуға алуға және мектепте оқитын балаларына киіммен көмек көрсетіп жатқан жайымыз бар»,- деді №65 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Рысжан ШАМУРАТОВА.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасының бір ғана мәселесі осы. Ал, баспана жайы тіпті, мүшкіл. Себебі, 6 баламен пәтерден пәтерге көшу оңай шаруа емес деді отанасы.

Әлия Алмауытова, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан