Астанада көпқабатты үйдің тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр

Астанада көпқабатты үйдің тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астаналық тұрғындар өздері тұратын көпқабатты үйдің апатты жағдайда екенін айтады. Пайдалануға берілгеніне көп болмаса да, тұрғын үйдің қазіргі кейпінен қорқамыз, дейді. Оған тұрғындар бұл үйге қызмет көрсетуді міндетіне алған кәсіпкер мен жергілікті әкімшілікті кінәлап отыр.


¤Астанадағы мына көпқабатты үй тұрғындарының жанайқайын тыңдар құлақ жоқ. 2010 жылы пайдалануға берілген үйдің қабырғасы қақырап, баспалдағы шіріп тұр. Қауіпсіздік талаптары туралы айтудың өзі артық, үйдің сыртын қаптаған плиткалар жел тұрса бір-бірден ұша бастайды, дейді. Ал жеделсатыға сенім жоқ.    


«Мен бұл үйге жөндеу жүргізілсе деймін, 7 жыл болды осында тұрғаныма, тұрғын үйге қызмет көрсететін «Меңдібаев С.У» жеке кәсіпкерлігі жұмыс істесе, ай сайын ақша төлеп отырмыз, сол ақшаның қайда жұмсалғанын айтып, атқарылған қызметтерге орай есеп берсе деймін», - деді тұрғын Назгүл ӘЛІМОВА.

 

¤Тұрғындар мұның бәріне пәтер иелері кооперативі орнындағы жеке кәсіпкерлік иесін кінәлайды. Ол ай сайынғы төлемнен бөлек, тұрғын үйдің жинақтау қорына бөлек ақша жинайтын көрінеді. Қыруар қаражат түсіп жатса да, істелген жұмыс жоқтың қасы, дейді олар. Сенімнен айырылған кәсіпкерді орнынан тайдырсақ мәселе шешімін табады деп үміттенеді. Ал кәсіпкер болса тұрғындар уәжін жалаға теңеді.             


«Сіздер жөндеу жүргізілмеген жерлерді көрген боларсыздар, үлгермей жатырмыз. Әрине уақыт немесе адам жетпегеннен емес, ақша жетіспей жатыр. Кіреберісте өртенген жер бар, оны жөндеуге кемінде 300 мыңның үстінде қаражат керек. Ал тұрғындар бізге осы күнге дейін 2 млн теңге көлемінде қарыз. Оларды сот арқылы өндіріп алмасқа амал жоқ»,- деді «Меңдібаев С.У» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сұңқарбек МЕҢДІБАЕВ.

 

¤Оның айтуынша, мәселенің түбірі тереңде. Бұл үй кезінде аяқталмаған күйі пайдалануға берілген. Не жердің, не үйдің құжаты дұрыс емес. Ал ауланың сұрқын  жапсарлай орналасқан ескі баспана бұзып тұр. Ол сүрілмей құжаттарды да реттеу мүмкін емес көрінеді. Осының бәріне жауапты құрылыс компаниясы бүгінде ізім-ғайым. Тіпті, тұрғындардың далада қаламыз ба деп қауіптенеді.


«Хатқа байланысты тексеріс жүргізілді. Табылған кемшіліктерді көрсетіп, сотқа жібердік. Бүгінгі таңда тұрғындар ақша жинаудан бас тартып отыр. Сондай протокол әкелді», - деді Тұрғын үй инспекциясының Сарыарқа ауданы бойынша бөлім басшысы  Рустам БЕГАЛИНОВ.

 

¤Қазір үйді салған компания басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған, тұрғындар мен үйге жауапты кәсіпкер де өзара соттасуда. Яғни, бұл мәселеге жуық арада нүкте қойылмайтын сыңайлы, дейді көпшілік.

 

Әлия Алмауытова, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров