Астанада Сирия келіссөзінің кезекті раунды басталды

05.07.2017 в 15:45

Астанада Сирия келіссөзінің кезекті раунды басталды. Келіссөзге, Сирияның қарулы оппозициясының 9 өкілі мен Біріккен ұлттар ұйымының арнайы елшісі Стаффан де Мистура келіпті. Делегаттар 2 күн бойы Сириядағы жағдайды талқылайды. Оның ішінде, өткен раундта қол жеткізілген уағдаластықтың орындалу барысы сөз болмақ. Кепіл мемлекеттер: Иран, Ресей, Түркия елдері Сириядағы деэскалация аймағы бойынша құжатты қарамақ. Сонымен қатар, олар жапа шеккен нысандарды қалпына келтіру мен гуманитарлық көмектің кедергісіз жетуін де талқылайды.

«Сирия Араб Республикалары аумағындағы қарулы қақтығысты тоқтату режимін бақылайтын ресейлік орталықтың мәліметі бойынша, 65-ке жуық қарулы оппозиция өкілдері келісімге келген. Сол себепті, Астана алаңында сол топтардың өкілдері бар. Бұл жолы, елордаға Сирияның қарулы оппозициясының 9 өкілдігі келген»,- деді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.