Астанадағы тұрғын үйлердің бірінен тағы бір бүлдіршін құлады. 3-ші қабаттан құлаған 3 жасар Ұлдана бүгінде жансақтау бөлімінде жатыр. Жығылғанға жұдырық болғандай, ата-анасы балаларын ауруханаға алып бара жатқан кезде жол апатына ұшырапты. Айта кетейік, осындай оқыс жағдай Астанада осымен екінші рет орын алған. Оқиғаның мән-жайын елордалық тілшіміз Азамат Әуезхан анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде жарияланған мына бейнеролик көптің жағасын ұсатты. Бет-аузы қызыл ала қан болған анасы қызын құшақтап ауруханаға бара жатыр. Анық болғандай 3 жасар бүлдіршін 3-ші қабаттан құлап кеткен.
Дәрігерлердің айтуынша 3 жасар Ұлдананы жедел жәрдем көлігімен алып келген, олар қазір қолдан келген көмектің барлығын жасауда. Бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатқанымен дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп сендірді.
Бір қызығы әлеуметтік желіге жариялаған азаматша жәбірленушілерді өз көлігімен апарғанын айтады. Ал дәргерлер жедел жәрдеииен жеткізді деп отыр.
«Нұрман Ұлдана Нұрмаханқызы 2 жас 11 айлық бала кеше сағат 11-ден өте берген кезде жедел жәрдеммен алып келді. Енді баланы жедел жәрдеммен алып келерде звондап айтты, осындай жағдайы ауыр, травмадан кейінгі баланы алып келе жатырмыз деп. Біздің қабылдау бөлімшесінде дәрігерлер хирург дәрігер, травматолог дәрігер. Енді бригада ғой, сол бригадалар күтіп тұрды»,- деді №2 Қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, ҰЛЫҚБЕК АСЫЛБЕКОВ.
Ұлдана отбасымен аурухана келе жатқанда жол апатына ұшырайды. КАМАЗ көлігінің қатысуымен болған оқиғадан Ұлдананың ата-анасы да зардап шеккен көрінеді. Құзырлылардың айтуынша, жүк көлігінің иесіне әкімшілік хаттама толтырылған.
"Камаз көлік жүргізушісі Тойота маркілі автокөлікпен соқтығысады. Соның нәтижесінде, сол көлік иесі, яғни Тойота көлік иесі мен 3 жасар кәмелетке толмаған қыз бала емханаға жеткізіліп, Тойота маркілі автокөлігінің жүргізушісіне медициналық көмек көрсетіп үйіне жіберілген, ал 3 жасар қыз бала емханаға жатқызылған",- деді ІІД ресми өкілі, СОФИЯ ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Айта кетейік, бұл осы жылы тіркелген 2-ші жағдай. Дәрігерлердің мәліметінше, 2016 жылы биіктіктен құлаған бүлдіршіндермен 55 оқиға тіркелсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 38-ді құраған.