Астанадағы жаңа салынған веложолды жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер бөлісе алмай жүр. Қала күніне 5 облыстың бірге жасаған сыйы – 34 шақырымдық жолда екі дөңгелекті көлік иелеріне емін-еркін жүруге мүмкіндік жоқ. Өйткені жол жаяу жүргіншілерден босамайды. Ал жергілікті әкімдік қалада келесі жылға дейін 160 шақырым веложол салынатындығын айтады.
Астананың 20-жылдығына арналған велосипедшілер жолын елордалықтар ұнатып қалғандай. Бір апта бұрын тапсырылған ыңғайлы әрі жұмсақ қызыл тораппен қалалықтарға «жүруге болмайды» деген ескерту айтылса да, бас тартар емес. 34 шақырымға созылған жолдың барлық жерінде осындай көрініс. Бірі байқамастан басса, екіншісі көпшілікке ортақ ережемен таныс емес.
Екі дөңгелекті көлікті басқаратындар жүргіншілердің қылығына наразы: жүруге болмайтыны «тайға таңба басқандай» етіп жазылса да, жұрттың оны елемейтінін түсінбей дал.
Жергілікті билік велосипед жолының тек бірінші кезеңін аяқтады. Енді келесі кезеңін іске асыруға кірісті. Жалпылай алғандай, 2025 жылға дейін қоршаған ортаға зияны жоқ көлікті қалайтын астаналықтар үшін 1717 шақырымдық веложол салынады.
«Жылдың соңына дейін екінші кезеңін, 160 км жобалау аяқталып жатыр. Сол жоба бойынша жүзеге асыру 2019 жылы жоспарланған. Оны қоршау жағы қарастырылмаған. Себебі, ол жолда жүру жол тәртібімен реттеледі. Ол тек велосипедпен жүретіндерге арналған жол», – деді Астана қаласы әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Нұралы ЕЛУБАЕВ.
Екі тарап – жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер бір-бірінің жолын кес-кестемеу үшін тәртіп сақшылары хабарлама жасады. Енді велосипед белгісі бар жолақпен жаяу адам жүретін болса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы