Астана мен орталық өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасы міндетті түрде орындалады деп мәлімдеді. Қазір Қазақстан жылына 50 миллиард текше метрден аса газ өндірсе, 30 миллиардтан астам қорда сақтаулы. Оның 15 миллиарды экспортталады.
Үкімет басшысы Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана бағыты бойынша құбыр тарту жұмысының жоспарланғанын айтты. Бірақ ресейлік отынға тәуелді болғандықтан, бұл жоба уақытша тоқтатылған. Алайда, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру жұмыстары бірнеше кезеңге бөлініпті. Алғашқы кезеңінде Астанаға құбыр тарту жоспарланып отыр. Екінші кезеңде - табиғи газ Көкшетауға дежеткізіліп, Ақмола облысын толық қамтиды. Ең соңында Павлодарға дейін жүргізіледі. Үкімет басшысы бұның қымбат жоба екенін айтты: жалпы құны триллион теңгеге жуық.
«Ресейлік көгілдір отынға тәуелді болғандықтан жобаны уақытша тоқтаттық. Бұл мәселе шешіліп жатқанда, батыс өңірден Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры тартылды. Оның алғашқы белігі 2013 жылы қолданысқа берілді. Осы ретте солтүстік және орталық өңірлерді табиғи отынмен қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма берілген еді. Оны жүзеге асыру үшін «Сарыарқа» магистралды газқұбыры құрылысының жобасы нақтыланды. Құрылыс құны шамамен 370 миллиард теңге. Бұл үлкен қаражат, сол себепті қазір қаржыландыру көздерін іздестірудеміз», - деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.