Астаналық кәсіпкер әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға жәрдемдесуде

08.09.2017 в 20:29

Балық бергенше қармақ бер. Астаналық кәсіпкер әлеуметтік қорғалмаған азаматтарды тегін оқытып, маңдай термен нәпақа табуына септесуде. Екі жылда ол 150 маман дайындап, біразын жұмысқа орналастырып үлгерген.

¤

¤30 жастағы Марат Ахмедов 2 топтағы мүгедек. Бұл цехқа жұмысқа тұрғанына екі жылдан асыпты. Жол апатына түсіп, бір жарым жылдай төсекке таңылдым, дейді. Басына іс түскенде, бауырым деп жүргеннің бәрі бастарын ала қашқан. Ешкімге алақан жаюды құп көрмейтін жігіт бойдағы намысым қуат берді. дейді.

¤

«Менің денсаулығым әлі де жақсы емес. Десе де жұрттың табасына қалмай, мақсатыма жеткім келеді. Армандарым көп. Қазір жақсы жалақы аламын. Жұмысым өзіме қатты ұнайды», - деді Астана тұрғыны Марат АХМЕДОВ.

 

¤Мұнда жұмыс істейтіндердің дені науқастар. Олардың өмірден өз орнын табуына жас кәсіпкер Эмин Әскеров себепкер болған. Ол үш жылдан бері әлеуметтік жағдайы төмен әрі мүмкіндігі шектеулі жандардың  арасынан 150 маман дайындап, оның 20-ын өз цехына жұмысқа орналастырыпты. Олардың ішінде тігіншілер, ағаш шеберлері бар. Тағдырдың тәлкегі жағын сындырса да, өмірде сағы сынбаған жандар көп, деді жомарт жігіт. Жұмыс істеуге ынталы жандар аз болмағанымен кәсіпкерлердің көбі, мүгедек деп мүмкіндік бермейтін көрінеді.


«Мен бұған дейін әлеуметтік қызметкер болып еңбек еткенмін. Әлеуметтік қорғалмаған жандарға көмектескім келетін. Ақыры кәсіп ашып, көмекке мұқтаж жандарды оқытуға, жұмысқа тұрғызуға мүмкіндік алдым. Бұл азаматтардың қолынан бәрі келеді», - деді әлеуметтік кәсіпкер Эмин ӘСКЕРОВ.

 

¤Шеберхана әлеуметтік қорғалмаған азаматтара тегін білім беруді жалғастыра бермек. Егер ілім жинап, еңбек етем дегендер болса, есігіміз ашық, дейді. Әсіресе, көпбалалы аналар, балалар үйінің түлектеріне қашанда қолғабыс етуге дайын.