Боралдай халқы жол азабын тартып отыр

08.09.2017 в 23:31

Боралдайдың орталық жолы жабылып қалды. Темір жол көпірін жөндеуден өткізбек болған мекеменің кесірінен облыс халқының қалаға қатынасы қиындап, көлік кептелісі ондаған шақырымға созылды. Ал оқу, жұмысынан кешіккен ел мердігер компанияның ала жаздай жатып алып, құрылысты қарбаласта қабаттастырғанына наразы.


Жолы тар, бағдаршамы істемейтін Боралдай жолы жай уақытта да көлік кептелісінен көз ашпайды. Ал соңғы үш күннен Кенен Әзірбаев көшесі жабылғалы жолаушылардың да, сол жақтағы жұрттың да жағдайы қиындап кеткен. 


Водник, Казцик, Камсомол, Ашыбұлақ сынды оннан астам елді-мекеннің тұрғындары осы тас жол арқылы қалаға қатынайды. Бірақ республикалық маңызы бар жолдың жабылуынан жоғарыдағы ауылдарға қатынайтын автобустарда жарты жолдан кері қайтатын болған. Қазір шұбырған мыңдаған көлік Қарасу, Көкөзек бағытындағы жол арқылы жүруге мәжбүр. Ал оқушылар жабылған көпір арқылы мектепке жаяу қатынап жүр.


«Жолды жауып тастады. Айтуларынша, жұмыс ұзаққа созылатын секілді. Ал жол жабылған соң қалың машина тар, қуыстағы көшелермен жүріп, бізге ыңғайсыздық жасап, проблема тудырып отыр. Немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Оқушыларға обал. Жазда қайда қараған?», - деді Боралдай кентінің тұрғыны Антонина ПОНОМОРЕВА.

 

Бас мердігерге көпірді жөндеу туралы тапсырысты «Қазақстан темір жолы» компаниясы берген. Олар көпірдің биіктігі төмен, жүк көлігі үнемі өте алмай тіреліп қалатын көрінеді. Сондықтан биіктетіп, ескі материалдарды жаңалаймыз, дейді бригадир. Бірақ күз келгенде қалың елді қарбаласқа салуларын қажетті құжаттардың кеш бітуінен, дейді. 


«Тіреуіш балкілері талапқа сай емес. Оны көтереміз. Қыркүйекте, оқу басталған уақыттан жолды жапты деген тұрғындардың ренішін түсінеміз. Өзімізге де ыңғайсыз», - деді  мердігер компанияның бригадирі  Жұман ЗИЯДИНОВ.

 

Көптің қиналып, қолайсыз жағдайда қалып жатқанын ескеріп жатқан басшы жоқ. Бригадирдің айтуынша, тәулік бойы кезекпен жұмыс жасау  жоспарда жоқ.  Кеш батпай тарқап, сылбыр қимылдап жүрген санаулы жұмысшылардың  темір жол өткелін жөндеуі екі айға созылмақ.