Әуезов ауданының ардагерлер кеңесі де ынтымақ күнін атап өтті. Түрлі ұлт өкілдерінің қарттары өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап, бірлік күнін тойлады. Араларында мерекеде дүниеге келген жандар да бар екен.
Әуезов ауданының ардагерлер кеңесінде берекелі мерекені тойлау туған күн иелерін құттықтаудан басталды. Қос зейнеткерге гүлдер табысталып, президиум атынан сыйлықтар берілді. Артынша қарттар ән айтып, ынтымақ күнін атап өтуді бастап кетті.
Бүгінгі мейрамға қазақ, татар, ұйғыр, корей, украин, орыс қарттары келген. Әрқайсысы өздерінің ұлттық тағамдарын жасап, дастарханды толтырды. Бірі ұйғырдың мантысын алып келсе, ендігісі татарлардың сүйікті самсасын пісірген. Корей халқының ашты салаты да дайындалыпты. Жиналғандар қазақстандықтарды Ынтымақ күнімен өз тілдерінде құттықтады.
Атаулы датаны тойлауға ауданның соғыс ардагері де қатысып жатыр. Араларындағы жалғыз ата ақ самайлы әжелерді кезек-кезек биге шақырып, кешті қыздырды. Ардагерлер кеңесінің төрайымы мұндай мейрамды жылда атап өтеміз дейді.
«Қазақстан халқын, алматылықтарды осы үлкен мейраммен құттықтаймын. Денсаулықтарыныз мықты болсын. Ата-ананың үмітін ақтасын біздің ұрпақтар. Бірлік, береке болсын. Елбасымыз айтқандай, 140 мыңнан астам халық тұрады. Бәрі бірлік береке болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Аман-есен болайық», - деді Алматы қаласы Әуезов ауданы ардагерлер кеңесінің төрайымы Бәтима ЫБЫРАЕВА.
Жалпы Әуезов ауданында 45 мыңнан аса зейнеткер тұрады. 68 соғыс және 4 мыңға жуық тыл ардагерлері өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар, жасы жүзден асқан 15-тей қарт кісілеріміз бар екен. Ауданның ардагерлер кеңесі мейрам сайын бас қосып, мерекелерді атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы