Ауғанстанның 49 азаматы елімізде оралман мәртебесін алуға талпынған

Ауғанстанның 49 азаматы елімізде оралман мәртебесін алуға талпынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

49-ға жуық Ауғанстан азаматы Қазақстанда оралман мәртебесін алуға талпынған. Бұл туралы Үкімет сағатында айтылды. Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко осыған орай, көші-қон мәселесімен заңсыз айналысып отырған жеке фирмалар мен адамдарды, қызметкерлерді анықтап, істерін әшкерелеу қажет деді. Ішкі істер министрінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыс барысын  Елордалық әріптесім Назым Мәлікқызы жеткізеді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божкодан кейін сөз алған Қалмұханбет Қасымов қойылған талап бойынша, барлық баяндаманы қазақ тілінде жасады. Алдымен еңбек мигранттарынан түскен пайдаға тоқталды. Белгілі болғандай, 4 жыл ішінде шетелдік азаматтар қазынаға 10 млрд теңге қаржы құйған. Дегенмен, заңсыз еңбек ететін келімсектермен күрес әлі күнге дейін шешілмей келеді. Көлеңкеде жүргендерді анықтаудың бір бағыты ол - биыл Астанада ашылған көші-қон қызметі орталығы  көрінеді. Ішкі істер министрінің пікірінше, бұл орталық азда болса сеп болмақ.

«Бұл  азаматтарға арналған үкімет  мемлекеттік корпорациясымен бірге қолға алынған пилоттық жоба. Онда бірнеше сала қызметкерлері үшін жұмыс орындары ашылған. Онда миграция қызметтері, мемлекеттік корпорация, медицина ұйымдары мен банк өкілдері қатар қызмет көрсетеді», - деді ҚР Ішкі істер министрі  Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Заңсыз әрекеттерді анықтау бағытында арнайы жедел  тексеру жұмыстары жалғасып келеді. Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы аясында, тіпті, «Мигрант» жедел  профилактикалық іс-шарасы қолға алынған. Оған Қазақстан, Ресей, Армения, Белорусия, Қырғызстан, Тәжікстан елдері қатысады. Былтыр көші-қон заңын бұзу деректері бойынша, 1 мың 112 қылмыстық іс қозғалған. Шетелдіктер қолымен жасалатын қылмыс көлемі жалпы көрсеткіштің 0,5-0,7 пайызын құрайды екен. Оның ішінде ұрлық-қарлық, есірткі сату бизнесі бар. Мұндай әрекетке қарсы тұру, реадмиссия арқылы шешілмек. Ақпар бойынша аталмыш келісім негізінде өткен жылы Ресей мен Өзбекстанға 8-ге  жуық азамат қайтарылған.

«Қазіргі таңда Қазақстан 16 мемлекетпен реадмиссия туралы келісімге қол қойып, ратификациялады. Сонымен қатар,  15 мемлекетпен осындай келісім дайындалуда. Халықаралық практика бойынша, біз еліміздегі реадмиссияға алынатын адамдарға арнап арнайы орталық ашуымыз керек. Олар осы орталықта қабылданған сәттен бастап, өз еліне қайтқанға дейін болуы керек», - деді ҚР Ішкі істер министрі  Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Осы тұста Владимир Божко Ауғанстаннан ағылған 49 азаматтың мәселесін көтерді. Олар елімізде «оралман» мәртебесін алуға талпыныпты. Осыған орай заңсыз әрекеттерге жол беріп отырған көші-қон қызметкерлері, жеке компания өкілдері мен келімсектерді анықтап, жазалау қажет екенін атап өтті. Себебі, көбі Еуропаға Қазақстан арқылы аттанғылары келеді.

«Бұл жерде сан үрей тудырып отыр. Ауғанстанның 49 азаматы біздің отандасымыз болмаса да, Қазақстанда «оралман» мәртебесін алуға ұмтылған. Олардың көбіне іздестіру жарияланып отыр. Бангладеш, Ауғанстан азаматтары Қазақстанды Батыс Еуропаға көшу үшін қолданғысы келген. 2 ұлтаралық қылмыстық компания, Қазақстанның 85 мекемесі арқылы Қытай халық республикасынан елімізге адамдарды жеткізуге тырысқан», - деді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир БОЖКО.

Депутаттардың біразы  көші-қон жағдайында мұндай олқылық орын алғанда, лаңкестік, экстремистік әрекеттермен күрес жағдайы қандай болмақ деген сауал қойды. Қалмұханбет Қасымов өз кезегінде өткен жылы қабылданған жаңа заңға сүйенді. Әрі  оның алдын-алу шаралары қолданылатынын еске салды. Сонымен қатар, отырыста Қазақстан белгілі бір мемлекеттердің азаматтарына алдағы уақытта электрондық виза беруді жоспарлап отырағаны мәлім болды. Әрі  екі азаматтығы бар 600 адам өткен жылы жауапқа тартылыпты. Сөз соңында Ішкі істер министр жыл соңына дейін барлық ел тұрғыны электрондық үй кітапшасына енетінін жеткізді.


Назым Мәлікқызы,  Нұрлан Өтегенов,  «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров