Мүмкіндігі шектеулі жүзден астам мүгедек жандар мұз үстінде тартысқа түсті. Денсаулығында кінараттары болса да жалтылдаған мұзға құлап, майып болудан қорықпаған спортшылар, хоккейден сурдлимпиаданың әлемдік жарысында топ жарсақ дейді. Шайба мен сырғытпа таяқ шеберлері Италияда өтетін ойындарында қапы қалмас үшін алдымен өзара мықтыларды анықтайды.
Ильнур Юнусов «Алматы» командасының капитаны. Туа бітті есту қабілетінде ақау бар азамат спортты жанымен сүйеді. Хоккейді бала кезден тек қана "батырлар" ғана ойнайды деп есептейтін Ильнур, өзін құрама команданың қатарынан көргісі келеді.
«Екінші жыл қатарынан оңтүстік астананың үмітіні арқалап, бағымызды сынауға келдік. Қолымыздан келетін сияқты. Өз басыма хоккей ойыны ұнайды. Шыңдалуға мүмкіндік береді десем де болады. Енді құрама командаға алса жақсы болары еді. Соған жету үшін барын жасап жатырмын», -деді «Алматы» командасының капитаны Ильнур ЮНУСОВ
Хоккейден біздің сурдлимпиада федерациясы Қазақстан чемпионатынан келесі жылы өтетін Италиядағы байрақты бәсекеге мықтыларды іріктеп алмақ. Мамандар дайындықтарды үдеткен және әлемдік жарыстан жүлдемен оралатындарына толықтай сенімді.
«Біздің федерация жылдағыдай өз алдына жоғары мақсаттар қойып отыр. Біріншіден, осы спорт түрін мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында насихаттау басты назарда. Қазіргі өтіп жатқан еліміздің 4-ші біріншілігі осының дәлелі. Ең мықты деген ойынышыларды анықтағаннан кейін 2019 жылы Италияда сурдлимпия ойындарында медальдан үміттіміз. Күшімізге сенеміз», -деді ҚР хоккейден сурдлимпия федерация Президенті Андрей ДУБОВИК
Ал бас бапкердің айтуынша спортшыларға қаржылық және қамқорлық қолдау әлі де жетіспейді. Оның айтуынша, Қазақстанда есту қабілеті нашар хоккеймен айналысатын 300-ден артық спортшы бар. Араларында халықаралық бәсекелерде басымдық танытып, үздік шыққандары да бар. Мүмкіндігі шектеулі болсада мұз үстінде өнер көрсететін мықтыларды қолдасақ хоккейге қызығатындардың қатары көбейер еді, дейді жаттықтырушы.
«Хоккей спорты жастар арасында аса сұранысқа ие болып келе жатыр. Бірақ, ол үшін қолдау қажет. Қаржылай тұрғыда спортшылар аса мұқтаж. Өйткені, бұл спорт түрі қаржыны талап етеді. Арнайы киім, аяқ киім өте қымбат тұрады. Сөйлеу және тыңдау қабілеті бұзылғандар арасында көп қызығып келетіндердің қаражаты жетпей жатады», -деді ҚР мүгедектер спорты бойынша бас жаттықтырушысы Максим РОЖКОВ
Бес күнге созылған ел чемпионатында үшінші жыл қатарынан Астана қаласының құрама командасы үздік деп танылды. Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінен мұз үстінде қаймықпай қарсыласқа қарсы шыққан үздік ойыншыларды бапкерлер құрама сапына қабылдамақ.