Қазақстанда аутизм дертімен дүниеге келетін балалардың саны артуда

03.04.2018 15:48

Қазақстанда аутизм дертімен дүниеге келетін балалардың саны артқан. Мамандар елімізде 14 жасқа дейінгі «ерекше» балақайлар саны 1000-нан асады десе,  сарапшылар тіркеуге тұрмаған тағы 30 мыңы бар дейді. Көбіне аутизмға шалдыққан ұл-қыздарын ата-аналары ресми түрде тіркемейді. Үш жыл бұрын әлемде әр 88-ші нәресте осындай дертпен дүниеге келсе,  2018 жылы әр 55-і балаға «аутист» болып туады екен. Айта кетейік, бүгін Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні.

Жанна Мерсағатова ұлы Мирасты ерекше мультфильм көрсетуге әкелді. Дәлірек айтсақ, «аутизм» дертіне шалдыққан балақайларға арналған. Жарық зал, дыбысы басылған мультфильмді Мирастай 300-ге жуық аутист бала көруге келіпті. 

«Осындай баланың анасы ретінде мен аутизмді жан-жақты қолдайтын іс-шаралардың көптеп болғанын қалаймын. Қоғамға аутист балалар кәдімгі құрдасынан айырмашылығы жоқ екендігін түсіндіру керек. Ұйымдастырылған бүгінгі арнайы мультфильм көрсетілімі соның бастамасы деп түсінемін», - деді Жанна МЕРСАҒАТОВА.

Бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күнінде Астанада осы дертке шалдыққан балақайлардың жайы да сөз болды. Соңғы санақтар Қазақстанда түрлі 14 жасқа дейінгі 1000-ға жуық ерекше балалар бар екендігін көрсеткен. Бұл тек ресми тіркеуде тұрғандары. Ал жалпы алғанда олардың саны елімізде 30 мыңға жуық дегенді келтіреді сарапшылар.

«Қазіргі кезде осындай «ерекше» балалардың саны күрт өсіп келеді. Тек Қазақстанда емес, әлемде де аталмыш  көрсеткіш өскен. Біздегі осындай балалар санының артуы - мамандардың жетіспеушілігінен. Ата-аналар сәбилерін көрсеткісі келсе де, өз жұмысын білетін мамандар жоқ. Бірақ қазір ақпарат заманы болғандықтан, ата-аналар аутизм туралы ашық түрде мағлұмат ала алады», - деді бала психиатры Татьяна ДЕГТЯРЬ.

Расында да әлемде 2015 жылы дүниеге келген әрбір 88-ші нәрестеге аутизм диагнозы қойылса, қазір әрбір 55-і сәбидің ана құрсағында дамуы бұзылады екен. Дегенмен, бұл дерт - үкім емес, дейді осы мәселені төңірегінде жүрген мамандар.

«2015 жылдан бері біздің қор «Әрбір бала мектепке лайықты» атты жобаны жүргізіп келеді. Инклюзивті білім беру жобасы аутизм дертіне шалдыққан балалардың орта мектепте оқуына жол ашты. Өйткені, бала өзі қалаған ортада, мектепте білім алуға құқылы. Жобаның арқасында еліміз бойынша 120-дан астам аутизм диагнозымен ауыратын жеткіншектер үйдегі білім алу түрінен өздері қалаған білім ордасына оқуға ауыстырылған», - деді «Болашақ» корпаративтік қорының директоры Динара ШАЙЖҮНІСОВА.

Қор өкілдері өткен жылы еліміз бойынша 700-ге жуық науқас баланың ата-аналары инклюзивті білім алуына көмектесу туралы өтініш алған. Ал тек бір Астанада аутизмға ұшыраған балақайларды қоғамға үйрету үшін  арнайы 3 мектеп жұмыс істеп келеді.