Азиада ойындарында алтын алған спортшылар жеңістерін Конституция күніне арнаймыз деді. Спортшылардың айтуынша, қазақ командаларының жетістігі – бүкіл елдің жетістігі!
Азияның қырықтан астам елі қатысқан байрақты бәсекеде әсіресе, джиу-джитсу спортынан балуандарымыз ел намысын ерекше қорғады. Джиу-джитсу Азия ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет енгеніне қарамастан, еліміздің балуандары екі алтын, үш қоламен екінші орынға тұрақтады.
«Әлем чемпионы, иорданиялық қара белбеу иегері белдесуде ең қиын қарсылас болды. Оны жеңсем қалған бәсекелестерім аса қауіпті емес деп ойлағам. Жарыста бес рет белдесуге шығып, чемпион атандым. Жеңісімді Ата заңымыздың құрметіне барлық қазақстандықтарға арнаймын», – деді джиу-джитсудан Азия чемпионы Руслан ИСРАИЛОВ.
Жалпы, Джакартаға қазақ елінің атынан 440 спортшы аттанған еді. 2 қыркүйекке дейін жалғасатын жарысқа Азия елдерінен жиналған жалпы саны 14 мыңнан астам кіл мықтылар бақ сынасуда. Қазір Қазақстан 7 алтын, 8 күміс, 29 қоламен жалпы есепте 10-шы орында келеді.