Қол астындағылардың жұмысына үкімет басшысының көңілі толмайды

19.07.2017 15:52

Министрлер кабинеті басшысының қабағы қатулы. Қол астындағы ақ жағалылардың жұмысына көңілі толмайды. «Нұрлы жер» бағдарламасының ретсіз жүзеге асуы отырыста басты тақырыптың біріне айналды. Бақытжан Сағынтаевтың ызасын тудырған мәселе инвестиция және даму министрлігінің жұмысы болды. Айтуынша, аталмыш министрлік бағдарлама жоспарын тиімсіз атқарып келеді. Ал, жергілікті әкімшіліктер баспаналы болғысы келетін азаматтардың уақытын бекерге созып, құжаттарды  қабылдауды созбақтап отыр. Премьер - министр қозғаған маңызды мәселер тізгінін Елордалық әріптесім Назым Мәлікқызы жеткізсін. Қазір ол бізбен тікелей байланыста. Қайырлы кеш Назым! Үкіметтегі отырыс барысын тарқатсаң? Қызықты тұстарымен қатар,  шиеленісті кезеңдері де болған сынды?

Қайырлы кеш Нұрсұлтан! Жиналыс барысы әжептәуір жақсы басталған болатын. Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың жалақысы 1,9 пайызға көтерілгенін айтып қуантқан еді. Бүгінгі таңда 140 000 теңгеге жеткен. Дегенмен жұмыссыздық деңгейі сақталып отыр. Жағымды жаңалық мұнымен бітпеді. Еліміздің басты капиталына құйылған қаржы көлемі 3,7 пайызға артып, 3,2 триллион теңгені құрапты. Екінші деңгейлі банктер ұлттық валютамен берілетін несие көлемін арттырған.

«Биылғы жылдың 1 -ші маусымына дейін берілген несие көлемі өткен жылдың дәл осы айымен салыстырғанда 1,4 пайызға өсіп, 12,6 триллион теңгені құраған. Демек, өндіріске берілген несие көлемінің арқасында 11,3 пайызға, ал ауылшаруашылығына берілген несие 4 пайызға артқан»,- деді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі, Тимур СУЛЕЙМЕНОВ.

Назым жаңалықтар легі жаман емес. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мырза неге шүйлікті?

Өзің атап өткендей «Нұрлы жер» бағдарламасы Елбасы ойлағандай  жүзеге аспай келеді. Сағынтаев осы тұста, аталмыш жобаға бөлінген қаржыны тиесілі игеруді міндеттеді. Оның пікірінше, «Нұрлы жерге» бөлінген сома жұмысқа бағытталып, қайта оралу арқылы жаңа баспаналарды салуға жұмсалуы тиіс.Ал, жергілікті әкімшілік қызметкерлері тұрғын үйлерге деген кезекті арттырмай, құжаттардың ретті жүзеге асуын бақылауы қажеттігін баса айтты.

«Бюджеттік бағдарлама бойынша бөлінген қаржыға иық арта берудің қажеті жоқ. Құрметті әріптестер, аймақ әкімдері бұл сіздердің жұмыстарыңыз. Себебі, Президент сіздерден кездесу, жиналыс барысында құрылысқа жекеменшік кәсіпкерлерді тарту жайын сұрауы мүмкін. Сондықтан, сіздерде дайын болып, жағдайды бақылауға алуларыңыз керек»,- деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бұл министрлер кабинеті басшысының көңілі толмаған тек бір мәселе ғана. Облыстағы әкімдердің жұмысы мүлде қанағаттандырмады. Жеңіс Қасымбек өз баяндамасында жергілікті билік өкілдерінің баспанаға қажетті құжаттарды тұрғындардан ұзақ уақыт жинайтындықтарын жеткізді. Осыған орай, Премьер -министр бұл жағдайды тікелей әкімдердің бақылауына жүктеді. Сонымен қатар, Қасымбек бағдарламаның негізгі бағытын түсіндіре кетті. Яғни, бұл жоба аясында берілетін пәтерлер әлеуметтік қорғалмаған топтағы азаматтарға тек жалға ғана беріледі.

«Дәл осындай баспаналарға республикалық бюджеттен биыл 25 млрд теңге бөлінді.Оның 6,1 млрд бүгінгі таңда өңір-өңірге үлестірілді.Қалған қаржы жоспар бойынша тиесілі бөлініп келеді. Игерліген сома көлемі 95,4 пайыз, яғни, 5,8 млрд теңгені құрап отыр. Ал, Астана мен Қостанай облысында қаржының тиесілі игерілуі төмен»,- деді Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрі, Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Нұрсұлтан мендегі бүгінге айтар ақпарым осы. Сөз кезегі өзіңде!