|
26.10.2016 | 13:51
1743

Банк бөлімшесіне шабуыл жасалды

Банк бөлімшесіне шабуыл жасалды

Банк бөлімшесіне шабуыл жасалып, қару қолды болды. Алматыда Центркредит банктің Алмалы ауданындағы бөлімшесіне баса көктеп кірген қос азамат күзетшіні соққыға жығып, травматикалық қаруын алып кетті. Күдіктілер қолға түспеді әлі. Әлі іздестірілуде. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, күдіктілердің дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысы жоқ. Бұл - бұзақылық қана.



Нақтыланбаған ақпарат бойынша банк бөлімшесіндегі күзет қызметкеріне жасалған шабуыл дәл осы жерде болған. Таңғы сағат сегізде күзетші банктың есігін жауып, әжетханаға шығыпты. Сол кезде күдіктілер қызметкерді соққыға жығып қаруын қолды қылған.

Оқиға таңғы сағат сегізде және бизнес орталығының ішінде орын алғандықтан куәгерлер болмаған. Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің мәліметінше, күдіктілер бөлімшені тонап, қап қаржыны жымқыруды мақсат еткен. Алайда, күзетшінің қарсылығынан ойлары жүзеге аспай, қолды қылған қаруды ала қашыпты. Қала бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, өзге де банк пен бөлімшелерінің қауіпсіздігі тексерілген. Із суытып үлгергендер туралы толық ақпарат жоқ.

«Қазіргі таңда, сезіктілерді анықтауға және оларды құрықтауға бағытталған бірқатар жедел іздестірілу шаралары жүргізілу үстінде. Қылмыстық кодекстің 192 бабы екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінен құралған арнайы тергеу тобы бүгінгі таңда бірқатар шараларды жүзеге асыруда»,- деді Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі, Салтанат ӘЗІРБЕК.

Еліміздің ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов болса, банк бөлімшесін бизнес орталығына орналастырған "Центркредит" акционерлік қоғамының қауіпсіздік жұмысы да жіті тексерілетінін айтты. Оған қоса, күдіктілер бөлімшенің жұмыс тәртібінен хабардар болғандықтан, қап қаржының мұртын бұзбай алып кетпекке ұмтылыпты.

«Бөлімшеге таңертең ақша жеткізілген. Оны күзетші қабылдап алыпты. Осындай жұмыс тәртібінен хабардар болған қос азамат әжетханаға шыққан күзетшіні соққыға жыққан. Алайда, өзге қызметкерлердің келіп қалуына байланысты ойларын жүзеге асыра алмаған. Бірақ күзетшінің травматикалық қаруы қолды болды»,- деді ҚР ішкі істер министрі, Қалмұқанбет ҚАСЫМОВ.

Қаладағы жағдай бірқалыпты. Тұрғындар үшін қауіп жоқ. Ал, күдіктілер құрықталса бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.

Аршын Кемелжан, Қанат Кигизбаев, "Алматы" телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир