Банкоматты тонамақ болған қаскөйлер дүкен иесіне материалдық шығын келтірген

23.02.2017 17:03

Банкоматты тонамақ болған қаскөйлер дүкен иесіне де материалдық шығын келтірген. Дүкенге кіру үшін есік пен терезені сындырған. Банкоматты бұза алмаған соң, оны өртеп жіберген. Қазір желіде отқа оранған бес және он мың теңгенің суреттері кең таралды. Алматы облысы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі жетекшісінің сөзінше, банкоматта 4 миллион теңгеден астам қаржы болған.

«17 ақпанда Кербұлақ аудандық Ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Сарыөзек ауылдарының бірінде орналасқан банкоматты белгісіз біреулердің ашпақ болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факті бойынша қазіргі күні Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-ші және 188-ші бабына сәйкес Қылмыстық іс қозғалып сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді  Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман МЫРЗЕКОВА.