|
23.01.2018 | 23:06
2024

Биыл Алматыда 530 жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін

Биыл Алматыда 530 жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін

Елбасы жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға Алматы қаласы дайын. Ауқымды жоба да әзір. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек «Алматыны дамытатын 50 драйвер жоба» атты бастаманы жариялады. Қала активі мемлекет басшысының «төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін» атты халыққа жолдауын талқылап, ұлт жоспарын жұмыла орындауға ынта-ықыластар білдірді. 

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Елбасы жолдауында көрсетілген 10 міндетті орындауға алматылықтардың белсенді ерік-жігері де, шаһарымыздың әлеуеті де жетеді. Қала әкімі Бауыржан Байбек аталған тапсырмаларды 3 мәселені шешетінін жеткізді. Бірінші экономикалық даму және азаматтардың әл-ауқаты, екінші адам  капиталының дамуы және цифрландыру, ақылды қала форматына ауысу.

Ол үшін қаламызда қажетті ресурс та жеткілікті. Осы жылдың бюджеті 441 миллиард 200 миллион теңге болып нақтыланды. «Жайлы қала» жобасын жалғастыру да маңызды. Алматыны көріктендіру, абаттандыру мен экожүйесін жақсартуға 60 миллиард теңге қарастырылса, әлеуметтік салаға 25 миллиард теңгеге жуық сома бөлініпті.

«Елбасы биылғы Жолдауында белгілеген 10 нақты міндет еліміздің әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде жаңа технологиялық дамудан қалыс қалмаудың негізгі тетіктері. Жаһанданудың түрлі сын-қатерлерін ұтымды еңсеріп қана қоймай, жаңа технологияларды қоғам өмірінде тиімді пайдалана білген жеңімпаздар қатарынан табылудың даңғыл жолы. Бүкіл әлем өнеркәсіптік революцияға бет бұрған шақта ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан халқымыздың бар рухани болмысын саф алтындай сақтап, оны болашақ буынға аманат етуде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы арта түспек», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Мемлекет басшысының жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау үшін қаламызда «Алматы дамуының 50 драйвер жобалары» бастамасы қолға алынды. Әр жоба бойынша, нақты мерзім белгіленіп, ресурстар мен жауапты орындар тағайындалған. Олардың көбі, яғни 30 пайызы әлеуметтік салаға арналған. Транспортқа 25 пайыз, энергетика мен көріктендіруге 10 пайыз тиесілі. Бұлар қаланың экономикалық әлеуетін жақсартып, келбетіне оң әсерін тигізеді.

«Алматы Қазақстан қалалары арасында цифрландырудың флагманы болып саналады. IT-өнімдері бойынша қаланың үлесі 50 пайызды құрап, халықтың цифрлық сауаты 82 пайызға артты. 33 пайыз электронды үкімет қызметі көрсетілсе, бөлшек интернет сауда көлемі 75 пайызға артты. Бүгін өткен үкімет отырысында да құқық қорғау орындарын цифрландыру бойынша айттым. Сондықтан, Алматы қаласы ТМД елдеріндегі экономиканы цифрландыру бойынша бірінші форумды өткізгелі жатыр. Ол ақпан айының басына жоспарланған», - деді Алматы қаласының әкімі. 

50 драйвер жобалардың ішінде Индустриалды аймақты дамыту маңызды болып табылады. Бүгін 180 миллиард теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте өндірілген өнімдердің экспортқа бағытталуы, импортты алмастыра алуы, экология мен қауіпсіздік мәселелері бірінші орынға қойылады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі қала меншігіне беріледі. 1-ші тамызға қарай жылына 500 тонна тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін жаңа кешен пайдалануға беріледі.

«Жобаны жүзеге асырсақ, 530 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал қала қазынасына түсетін салық көлемі шамамен 500 миллион теңгеден асады деп жоспарлап отырмыз. Италиялық технологияның көмегімен Алматы қаласынан шығатын барлық қоқысты өңдеуге шамамыз жетеді», -деді тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт директоры Дмитрий ДАНИЛЬЧЕНКО.

2021-ші жылға қарай Алматы аумағындағы 4 мыңнан астам жеке үйлер көгілдір отынмен қамтылады. Қазір қала бойынша жеке тұрғын үйлердің 96 пайызына газ тартылыпты. Ал бірінші жылу электр станциясына жаңғыру жұмыстары жүруде. Осы жылы мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысы басталса, қазақ-неміс компаниясының көмегімен электравтобустарын шығаратын жаңа зауыт салынбақшы. Электрмен жүретін көліктерге де жағдай жасалуда. Қазір Алматыда 12 қуаттайтын бекеттер ашылса, 2019 жылдың аяғына дейін қосымша 47-сі салынады.

«Қытайлық капиталдың қатысуымен, темір құбыр салатын зауыттың құрылысы келер жылы басталады. Ол Қазақстанға келетін осы өнімнің 40 пайызын қамтамасыз етеді. Тартылған инвестиция 33 миллиард теңге. Наурыз айында жапондық инвесторлардың көмегімен Токио Роуа Алматының екінші зауыты салынады. Ресейлік инвесторлар кабельдік талшықтарды өндіретін зауыт құрылысының алғашқы желісі келер жылы пайдануға берілмек», - деді Бауыржан БАЙБЕК.

Батыс Еуропа - Батыс Қытай жүйесіне қосатын БАКАД жобасының да орны ерек. Ол қаладағы көлік нөпірін 10 пайызға азайтады. Қала әкімі Елбасы жолдауындағы орындалатын негізгі міндеттерді атады. Цифрландыру мен Смартсити жобасы да маңызды. Барлық сандық жұмыстардың экономикалық әсері, ашықтығы, жемқорлыққа жол бермеу мәселелері мен қызмет көрсету сапасының жақсаруы алдыңғы кезекке қойылып отыр.

 Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир