Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының филиалында тұрғындарымен кездесу өткізді

Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының филиалында тұрғындарымен кездесу өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі «Оңтүстік» саябағына қатысты қайтадан қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынды. «Нұр Отан» партиясында қабылдау өткізген филиал басшысына тұрғындар саябаққа тұрғын үй салу мәселесін көтерген. Әкім 10 күн ішінде халық пікірі ескеріліп, заңды шешім қабылдануы керек деп тапсырма берді. Қабылдауға келген елдің тағы қандай мәселесі бар?

Қала әкімінің қабылдауын айтар уәжі бар тұрғындар көп күтті. Кезекке тұрып, тізімге жазылды. Өйткені кездесуде көкейде жүрген сауалдарды айтып, шешімін табуға мүмкіндік бар. Мәселен, Әлішер Мамедалиевты нөмірі 5-ші қалалық клиникалық аурухана маңындағы жабайы көлік тұрағы алаңдатқан. Айтуларынша, науқастарға ыңғайсыздық туғызып, жолды бөгейтін көрінеді. Оның үстіне, мұнда белгісіз жандар көлікті қойған үшін қолма-қол ақша жинаған. Қазір темір тұлпарларын рұқсат етілмеген жерге қойғандары үшін төрт адам жазаланды.

«Иә,5-ші аурухана қазіргі кезде ол жердегі автотұрақ толығымен алынды. Ол жердегі орналасқан дүңгіршек арнайы тұраққа апарылып және Медеу аудандық әкімшілігімен клумбалар қойылып, ол жерде тұрақ жойылды. Оның екеуі 449 бабы бойынша және екеуі қала безендіруін сақтамағаны үшін 505 бап бойынша хаттама толтырылды»,-деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан БАЙКЕНОВ.

Полицейлер биыл ауруханадан басқа да орындарда 130 рейд жүргізген. Нәтижесінде, темір тұлпар дұрыс қаңтармаған жүргізушілерге 8 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырып, 124 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Авто тұрақ мәселесі шешілген соң, қабылдауға кезек бойынша Наурызбай ауданының тұрғыны Бибігүл Ходжанова кірді. Ол "Қарағайлы" елді-мекеніндегі нөмірі 192-ші мектеп жанында жаяу өтпелі жол маңында жарықтың жоқтығын айтты.

«Біз қазір мәселені қарастырып жатырмыз. Балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында өткел салуды жоспарлап отырмыз. Қосыша жол белгілері, кешкі уақытта жанатын жарық шамдары орнатылады. Жұмыстар маусым айының аяғында бітеді. Қалада осындай түнде қараңғы болып тұратын орындарға мониторинг жүргіземіз»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан ӘДІЛОВ.

Қала басшысына жеке де, ұжым болыпта жазып жатқандар жетерлік. Соның бірі - Надежда Ерольская. Ол «Оңтүстік» саябағы маңынан тұрғын үй кешенін салдыруға түбегейлі қарсы. Бостандық ауданында тұратын әйел бір сәт демалып, аялдайтын саябақтың бәз қалпында қалғанын қалайды. Ал кездесуге қатысқан «Тurkuaz Invest»  компаниясының бас директоры Зеки Пил бұл жердің жекеменшік екенін айтты. Тараптарды тыңдаған қала әкімі  аудан тұрғындарының пікірін ескеру керектігін айтты. Өйткені 400-ден астам тұрғын әкімдікке, партияға ашық хат жазып, өздерінің  келіспейтіндіктерін білдірген еді. Енді 10 күн ішінде «Нұр Отан» партиясында қоғамдық тыңдау өткізіліпп, мәселе заң жүзінде шешілмек.

«Оңтүстік» саябағын қорғап қалу үшін тұрғындардан 400 қол жиналды. Шынында да, біздің айналамызда көп қабатты үйлер көп. Ал, халық демалып, балаларды қыдыртатын орын қалмады. Бұл парк тура осы қалпы қалса жақсы болар еді»,-деді «Надежда» ПИК төрайымы Надежда ЕРОЛЬСКАЯ.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов жеке компанияны тыңдауды талапқа сай өткізбегенін айтты. Оған қоса, 2017-ші жылы жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі басқармасы аталған аумақтың ұзақ уақыт пайдаланылмауы салдарынан бұл учаскеге шектеу қойған болатын. Жалпы қабылдауға тіркелген тізімдегі тұрғындардың барлық базынасын тыңдаған қала әкімі, жауаптыларға олқылықтың орнын толтыру үшін бірнеше тапсырма берді.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы


Новости партнеров