Бауыржан Байбек қала жолдарын жөндеп жатқан мердігерлерді сынға алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала жолдарын жөндеп жатқан мердігерлерді сынға алды. Шаһар басшысы әл-Фараби даңғылы бойында су құбырларын кешеуілдетіп ауыстырап жатқан жұмысшыларға ескерту жасады. Конкурсты жеңіп алған Петропавл қаласының «Титан Север» компаниясы жұмысқа 2 ай кешігіп кіріскен екен. Салдарынан 3 жарым шақырым құбырдың тек жартысы ғана жаңаланыпты. Сондықтан қала басшысы мердігерлерге барлық жұмысты алдағы қыркүек айына дейін аяқтауды тапсырды. Егер берілген тапсырма орындалмаса, онда жауапты компанияға тиісті шара қолданылады.

Одан бөлек, Бауыржан Байбек Есентай өзеніндегі көпірді жаңарту жұмыстарымен де танысты. Қазір мұнда 100-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Құрылыс алдағы айдың орта тұсында толық тәмамдалмақ. Сонымен қатар, қала басшысы «Астана» алаңындағы, Панфилов, Жібек жолы, Гоголь және Қабанбай батыр көшелеріндегі жол құрылысын тексерді. Қазір мұнда жүргіншілер жолы мен веложолақ салынып, маңайы абаттандырылуда. Жоба бойынша енді бұл аумаққа  көлік қаңтаруға болмайды. Жалпы, биыл Алматыда 32 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылмақ. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,7 есе көп. Оған қоса, 146 шақырым жол жөнделеді. 97 мың шаршы метр жүргіншілер жолы көріктендіріледі.


Новости партнеров